Сыйақы қоры молайды

Президенттің қолдауымен биыл тұңғыш рет оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін қомақты сыйақы алды. Осыған дейін Қазақстан оқушылары халықаралық пәндік олимпиадада ел қоржынына 21 медаль салды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Бүгінгі күнге дейін ең беделді халықаралық олимпиадаларда оқушылар 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды, – деп жазды министр.

Ведомство басшысының айтуынша, биыл тұңғыш рет Президент қолдауының арқасында оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін қомақты сыйақы алды. Одан бөлек ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігін иеленді.

– Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында. Бұл – 12 жылдағы үздік көрсеткіш, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Оқушылар жыл сайын физика, география, биология, химия, математика, информатика пәндерінен халықаралық олимпиадаларда топ жарып келеді.

Оқу-ағарту министрі зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктердің жұмысын өте жоғары бағалайтынын жеткізді. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды.

– Бұл 2017 жылдан бергі алғашқы «алтын» болды. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған еді, – деді министр.

Білім саласында оң өзгеріс бар. Бұл – балалардың дайындық деңгейін көрсетеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»