Әлеуметтік төлем кімге беріледі?
Қарағандыда орталықтандырылған газ жүйесіне қосылуға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Мөлшері 100 АЕК-ке дейін (318 мың тг) қаражат газ жабдығын жеткізуге және орнатуға арналған нақты шығындарға байланысты төленеді.
Әлеуметтік көмек көрсету ережесі қалалық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
Газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек келесі санаттағы тұрғындарға көрсетілетін болады:
– жасына байланысты зейнеткерлерге;
– мүгедек адамдарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға;
– көпбалалы отбасыларға;
– атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;
– басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
– жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қорғаушыларына немесе қамқоршыларына.
Отбасының бір мүшесіне есептегенде орташа жан басына шаққандағы табысы 2,5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс (қазіргі уақытта 93 473 тг). Газ жабдығын орнату туралы келісімшарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде көмекке жүгінуге болады.
Өтінішті Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Поспелов көшесі, 16) немесе электронды үкімет порталы арқылы беруге болады.
Қажетті құжаттар:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) газ жабдығын жеткізумен және орнатумен байланысты тұлғаның (отбасының) шығындарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызмет көрсетуге арналған шарт);
3) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
4) мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (зейнетақы куәлігі, мүгедектігі туралы анықтама, балалардың туу туралы куәлігі);
5) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқ (бар) екені туралы анықтама;
6) екінші деңгейлі банктегі не «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер.
Толық ақпарат үшін телефондар: 8-708-436-06-45, 30-02-24.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі