Ұрланған атыс қаруларын анықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде — БП

Шымкент қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Түркістан облысының 2 тұрғынын ұстады, олардан «Камерад» аңшылық дүкенінен ұрланған екі «Сайга-12» карабині мен пневматикалық мылтық табылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов хабарлады.

«Таразда қару сақталған «қойма» табылды, одан Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған 1 «Калашников» автоматы, 2 «Макаров» тапаншасы, «SHTURM» шабуыл мылтығы, 1 граната және оларға оқ-дәрілер алынды. Жалпы, ел бойынша құқық қорғау органдарымен «қаңтар оқиғалары» кезеңінде ұрланған 846-дан астам ойық және тегіс ұңғылы қару табылды. Ұрланған қарудың 2 мыңнан астам бірлігі әлі де қылмыскерлердің қолында екенін, бұл ықтимал қауіпті төндіретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл ретте адамды құқық қорғау органдары қарумен ұстап алған жағдайлар ерікті түрде тапсыру деп танылмайды», — деді спикер