Есептік кездесу өтті

Бұрнағы күні Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қарағанды облысының тұрғындарымен есеп беру кездесу өткізді. Төрт жүзден астам адам қатысқан жиында ведомство басшысы ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің және тәрбиешілер мен журналистердің сауалдарына жауап берді.

Министрдің естептік кездесуі екі сағаттан астам уақытқа созылды. Қатысушылардың әрқайсысы білім саласы бойынша 4-5 сұрақтан қойды. Қатысушыларды көбінесе балабақшаларды лицензиялау, оқулықтардың мазмұны, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен тәлімгерлеріне төленетін төлемдер, оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамыту, білім беру ұйымдарындағы штат, инклюзивті білім беру, білім беру үрдісіндегі тәрбие сияқты түрлі мәселе қызықтырған. Сондай-ақ мемлекет пен жеке ұйымдарға интернаттар салу кезінде МЖӘ шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін НҚА-ға енгізілетін түзетулер жайы талқыланды.

Есептік кездесуден соң министр облыс әкімшілігінің, білім басқармаларының өкілдерімен және аймақтағы колледж басшыларымен кездесу өткізді.

– Әр кездесу сайын әріптестерімнің сұрақтарының мазмұны мен бағыты өзгеріп жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, кеше ғана білім басқармаларының бұрынғыдай аудан әкімдіктеріне емес, облыстың білім басқармаларына бағынатынының оң әсерін атап өтті. Бұл бірден ауқымды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді. Мысалы, мұғалімдердің тікелей міндетінен тыс функцияларға жиі араласуы. Әріптестер бұрын өздерінің түрлі іс-шараға қатысып, негізгі жұмыстарынан алшақтап қалатын кездерін еске алды. Қазір жағдай мүлде басқаша, себебі педагогтер заң бұзылған жағдайда құқықтары қорғалатынын біледі. Өйткені білім бөлімдері қазір білім беру мәселелерімен тікелей айналысады, – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы тамақтану және баға саясатын қалыптастыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, әдістемелік кабинеттердің жұмысы, колледж студенттерінің жатақханасын күтіп ұстау, арнайы пәндерді оқыту, оқу жүктемесі мәселелері талқыланды. Нормативті құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін ұсыныстар да айтылды.

Оған қоса министр жұмыс сапары барысында №2 оқушылар сарайында болды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»