ВАКЦИНА ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТ

Бізде әлі ақпараттық сауаттылық аз. Қарапайым халық осыдан қатты зардап шегеді. Жалған ақпарат тарату заңмен қудаланатынын да ескермейтіні бар. Әр нәрсеге сенім білдіреді. Кез келген БАҚ министрліктің рұқсатымен ақпараттың айдынына енеді. Алайда, әлеуметтік желі дамыған заманда фейкақпарлардың тарауы жиіледі. WhatsApp желісінде отыратындар мұндай ақпараттарға кәдімгідей сенеді. Кез келген ақпаратты ресми БАҚ өкілдері арқылы тексеруге болады. Мәселен, StopFake.kz өткенде тағы бір «ақпараттың» «бетпердесін» ашты.

Вакцинаға қатысты елдің пікірі екіге жарылған қазір. Басым көпшілігі, халықты жаппай чиптеу «дерегіне» иманындай сенеді. Мұндай пікірдің қалыптасуы жоғары айтқан фейк-ақпар салдары.

Жақында ғана вакцинаға қатысты аудиохабарлама тарады. Өзін Қарағанды қаласының жоғары санаттағы дәрігері және кафедра меңгерушісі деп таныстырған ол, «Спутник V» вакцинасы клиникалық сынағының үшінші фазасы 2021 жылдың мамыр айында ғана басталған, әлі де аяқталмаған деп отыр. Сондай-ақ автордың айтуынша, вакцина бедеулікке әкеледі, денсаулыққа зиян екен-міс. Мұның бәрі – жалған.

Ең алдымен, Қарағандыда бір ғана медицина университеті бар. Яғни, жоғары санаттағы дәрігер тек сонда ғана жұмыс істейді. Алайда, медицина университетінің баспасөз-қызметі аталған аудиохабарды қызметкерлерінің ешқайсысы жасамаған мәлімдеді.

«Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі аудиохабарламаны кафедра меңгерушісі жасаған деп жазды. Бірақ бұл біздің университеттің қызметкері емес», – деді Қарағанды медицина университетінің баспасөз-қызметі.

Аталған хабарламада жалған ақпарат көп. Біріншіден, «Спутник V» вакцинасы клиникалық сынағы 2021 жылдың мамыр айында емес, 2020 жылдың 7 қыркүйегінде басталған.

Нәтижесінде, 2021 жылдың 2 ақпан айында ашық қолданысқа жіберілді. Тиімді әрі қауіпсіз екенін көрсетіп отыр вакцина.

Екіншіден, «Спутник V» вакцинасы бедеулікті тудырады деуге ешқандай негіз жоқ. Бұған дейін Ресей, Қазақстан және басқа да елдің жетекші мамандары бұл қауесетті жоққа шығарды.

Ерболат ҚУАТБЕК, «QH»