Бұқпа өзеніне жақын салынған 3 үй бұзылуы мүмкін

Өткен аптада су тасқыны салдарынан көпқабатты және жеке тұрғын үйлер мен автомобиль жолдарын су басты. Бұл жағдай түрлі проблемаға назар аудартты. Мысалы, Университет көшесіндегі үш үй (№78/19, №78/11, №78/15) ТКШ-ға байланысты көптеген проблеманы айтпағанда, Бұқпа өзенінен бірнеше метр қашықтықта салынған.

5 сәуір күні Қарағанды әкімдігі осы үш үйдің тұрғындарын эвакуациялауға тура келгенін хабарлады. Электр сымдарының қысқа тұйықталу қаупі болғандықтан, үйлер электр қуатынан ажыратылды. Пәтер иелерінің жартысы туыстарын уақытша паналаса, 23 адам жергілікті қонақүйге орналастырылды.

А л 6 сәуірде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа осы үйлердің тұрғындарының алдағы жағдайы туралы сұрақ қойылды. Қала басшысы қазіргі уақытта осы үш үйде мамандар жұмыс істеп жатқанын және аталған үйлерде онан әрі тұруға болар-болмасы жайлы қорытындыны солар шығаратынын айтты.

— Біз бұл үйлердің тұрғындарымен кеше де, бүгін де кездестік. Шынында да, үйлер тікелей өзен арнасына салынған деген үлкен сұрақ туып отыр. Онда бүкіл жүйе толығымен бұзылған. Үйлердің сыртында бір метр жерде Бұқпа өзені ағып жатыр. Мен тиісті тапсырмалар бердім, қазір құқық қорғау органдары бұл үйлердің қалай салынғанын бағалайтын болады.

Тұрғындарға келетін болсақ, олардың бір бөлігі қазір өз туыстарымен уақытша тұрады, ал біз 23 адамды қонақүйге орналастырдық. Су тартылған кезде, бұл үйлердің қаншалықты дұрыс тұратынын бағалай алатын ұйымды шақырамыз. Осыдан кейін ғана біз шаралар қабылдаймыз. Егер қажетті лік туындаса, біз осы адамдарды көшіруге және басқа тұрғын үй ұсынуға тырысамыз. Қазір тұрғындар санағы жүргізілуде, барлық ақпарат жиналуда. Біреу пәтерді бірден сатып алды, ал біреу ипотекаға алды. Қазір мұның бәрін анықтап, кейін шешетін боламыз, — деп хабарлады қала басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев өзен арнасына үй салу дұрыс емес екенін және болашақта апатқа соқтыруы мүмкін екенін атап өтті.

— Өзендегі құрылыс дұрыс емес. Бір жылдан кейін немесе 10 жылдан кейін ол қайтадан қайталануы мүмкін. Бізге тиісті шаралар қабылдау қажет, — деді ол.

Сондай-ақ қала әкімі қазіргі уақытта осы үйлердің тұрғындарымен үнемі байланыста екенін, барлығының аты-жөнін білетінін айтты. Алдағы екі-үш күнде олар пәтерлеріне орала алмайды, өйткені үйлер электр қуатынан ажыратылған. Сонымен қатар өңір басшысы тұрғын үйлерге құқық қорғау органдарының тәулік бойы бақылау жүргізетінін, сондықтан қарағандылықтар өз мүлкіне алаңдамайтынын атап өтті.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»