Қарағанды мен Қарқаралы арасына жаңа жол салынады
Қарағанды мен Қарқаралы қаласының арасын жалғап жатқан республикалық маңызы бар күре жол бүгінде әбден тозған. Әсіресе Матақ пен Көктас ауылының тұсындағы 40 шақырымы шұрық- тесікке айналып, жүру мүмкін болмай қалды. Жергілікті жұрттың айтуынша, санаулы жылда мұнда қаншама адам жол апатынан мерт болған.
Жалпы, бұл «Қарағанды — Аягөз — Бұғаз» тасжолы сонау 1957 жылы салынып, 1961 жылы қолданысқа берілген. Содан бері Қарағанды облысына тиесілі 303 шақырымы бірде-бір рет күрделі жөнделмепті. Алпыс жыл бойы ағымдағы жөндеумен шектеліп келеді. Оның өзін жауапсыз мердігерлер лайықты деңгейде атқармай, шұрық- тесік жерлеріне пышақ жүзіндей асфальт төсейді. Ол келесі көктемде қармен бірге еріп, әуелгі таз қалпына түседі. Осыдан бірер жыл бұрын Қарағанды мен Қарағайлы арасындағы теміржолды су шайып кетіп, мыңдаған тонна кенді жүк көліктерімен тасыған болатын. Сол кезде жұқарған асфальтты ауыр көліктер одан сайын езіп жіберген. Жол бойындағы ондаған елді мекеннің тұрғындары бұл мәселені талай жылдан бері қозғап келеді. Биыл әйтеуір сең қозғалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен күре жол қайта салынатын болды. Қазір жобалау- сметалық құжаттары дайындалып жатыр, 2024 жылы құрылысы басталмақ. Әуелі Қарағанды мен Қарқаралы арасын аяқтап, кейін Аягөзге дейін жеткізу жоспарда.
— Қазіргі қолданыстағы жол үшінші техникалық санатқа жатады. Асфальтбетон жабындысының ені 7 метр. Енді біз оны екінші техникалық санаттағы жолға айналдырамыз. Енін шамамен 9,25 метрге кеңейтеміз. Сонымен қатар таулардың үстімен өтетін тұсы түгел тегістеледі. Бұл — жол қауіпсіздігін арттырады, — дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Қарағанды облыстық филиалының директоры Сырым Хамзин.
Күре жол екі жолақты болады. Асфальт төселеді, оның қалыңдығы қанша болатыны әзірге белгісіз. Қазіргі жолда жүретін жүк көліктері 7 тоннадан аспау керек болса, енді жаңа жолда 13 тоннаға дейін рұқсат етіледі. Су шайып кетпес үшін бірнеше көпір салынады. Қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Бірақ бұл шаруалар болашақтың еншісінде. Ал әзірге тұрғындарға ескі жолмен қатынай тұруға тура келеді. Жауапты мамандардың айтуынша, осы көктемде 800 шаршы метрі жөнделіп, ойылған жерлері бітеледі екен. Ескірген жол белгілері ауыстырылып, жол таңбалары жаңартылады.
Асыл АЙБЕК, «QH»