Жастардың 85 пайызы әскерге барудан жалтарған

Өткен жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылған жастардың 85 %-ы сылтау айтып сытылып, қашып жүріп құтылып кеткен. Қазірде әскерге шақырылған 40 мыңға жуық жас іздестіріліп жатыр. Тепсе темір үзер жігіттердің әскери комиссариат қызметкерлерін сабылтып қойып, азаматтық міндетті орындауға аса ынта танытпауына түрлі себеп айтылуда.

Қаңтар оқиғасы әскердің әлеуетін әшкерелегендей болды. Сын сағатта ел тыныштығын кімдерге сеніп тапсыру керектігі талайды ойландырды. Санаға салмақ салған сол ой сенаторларға қозғау болғандай. Парламент Сенатының отырысында депутат Бекболат Орынбеков мәлімдегендей, бүгінде 40 мыңға жуық әскерге шақырылушы іздеуде екен. Нақтысын айтқанда, олар жоғалған жоқ, жалтарып, жасырынып, қашып- пысып жүргендер. Немесе заңның қауқарсыздығын біліп құтырғандар. Азаматтық борышын өтемесе, айыппұлмен ғана құтыларын білгендер қитұрқы амал қылады. Біреулері тұрғылықты мекенін ауыстырса, енді бірі аурудың кейпін танытып, қалай да өзін жарамсыз етіп көрсетудің амалын қылады. Мысалы, былтырғы жылы сарбаздық борышын өтеуі тиіс 215 мың азаматтың басым бөлігі әскерге бармаған. Сенат депутаттары мұны ант қабылдап, азаматтық міндетін орындаудан жалтару деп біледі. Бозбаланың босбелбеу болып, жігіттің жігерсіз болуына талай себеп бар. Соның бірі — 40 күндік балама әскерден өту. Қалтасы көтергендер ақшасын төлеп, балама әскерден өтіп, билет алады. Бұл өз кезегінде азаматтық борыштың да ақшамен өлшенетінін көрсететіндей. Енді бірі өз аяғымен кетіп, табытпен оралған таныстарын көріп, тауы шағылады. Ұл өсіріп отырған талай ана әскерде әлімжеттік жоқтығына сенбейді. Өзге бірінде өзіне деген сенімсіздік басым, қару ұстап елге қорған болуға деген құлшыныс жетіспейді. Қайсыбірі әскер қатарына қабылданып тұрып қашып кетіп, тіпті өз-өзіне қол салып жатады. Мұндай жағдайға себеп болған әлжуаздық па, әлімжеттік пе — ұғу қиын.

Қалай болғанда да, Отан қорғау ардың ісі екенін айтып түсіндіру мүмкін болмағандықтан, депутаттар басқалай амал қажеттігін алға тартуда. Ол үшін жастарды ынталандыру қажет. Бірақ «оқ бораған соғыс даласына өздері сұранып кеткен кешегі ата-бабадан қалған рух қайда?» деген заңды сауал туындайды. Бүгінгі жастарды өбектеп өсіргеніміз сонша, «өзімнен» әріні түйсіне алмай қалғандай. Бір жылдық әскерге жіберу үшін оларға бірнеше түрлі жеңілдік жасау жоспарлануда. Арнайы жинақтау есепшотын ашу, әлеуметтік бағдарламаларға қатысса — ұпай қосу, отбасының коммуналдық төлемдеріне жеңілдік жасау, оқуға түсу, емтиханын тапсыру кезінде қосымша балл түріндегі жеңілдіктерді немесе әскери кафедрада білім алуға жұмсалатын мемлекет шығынына тең мөлшердегі жеңілдіктер беру. Жоғары оқу орнының бюджеттік бөліміне жеңілдікпен түсу. Бұл ретте оқуға түсу емтиханын әңгімелесумен ауыстыру немесе жалпы білім пәндері бойынша емтихандардан босату. Ынталандырған дұрыс шығар, бірақ Отанын қорғауға өз ынтасы болмаған азаматта қандай айбар, қандай айбын болсын. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әскери борышын өтеу — барлық ер адамның міндеті, ал кейінге қалдыру тек ел алдындағы ерекше еңбегі үшін қарастырылады. Израильде тәртіп қатаң. Онда әскери қызметке жарамды ұлдар мен қыздар түрлі мерзіммен шақыртылады. Ерлер үш жылға, ал қыздар екі жылға.

Ал біз Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруда қалт кетіп жатырмыз. Патриотизм тек әскерде ғана емес, отбасы мен мектепте де оқытылуы керек деп санайды Қорғаныс министрлігі. Бұл орайда «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы көп қолдау көрсетеді. Бүгінде бұл ұйым 26 мың жасөспірімнің басын біріктірген.

Ал бүгінгі әскери өмірді айтар болсақ, ҚР Қорғаныс министрлігі сендіргендей, жас сарбаздарды моральдық- психологиялық тұрғыда қолдау бар. Барлық әскери бөлімдерде бейнекамера орнатылған. Әлеуметтік сауалнамалар өткізіліп тұрады. Әскери ұжымдарда психологтер жұмыс істейді. Сондай-ақ жауынгерлік дос, әріптес және тәлімгер бақылау жүйелері бар. Құқық бұзушылық орын ала қалса, әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың ата-аналары әскери полиция органдарына «әскери сенім» мобильді қосымшасы арқылы да жүгіне алады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»