Ит асырасаңыз, иттік қылмаңыз

Ендігіде қаңғыбас ит, мысықтың да сұрауы бар. Бұдан былай босқан мақұлықтар да заңмен қорғалады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Мемлекет басшысы 2021 жылы 30 желтоқсанда биылғы жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енетін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға қол қойды. Көше кезген төрт аяқтылар ендігіде атылмайды, олардың саны стерильдеу арқылы реттеледі. Бұл мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

«Біреуге жан қайғы болса, біреуге мал қайғы» демекші, қаңғыған бұралқы иттің қамын ойлап қамығатындар жетерлік. Жаңа заң қазақстандық зооқорғаушылар мен төрт аяқтылардың тағдырына немқұрайлы қарамайтын еріктілердің қуанышын еселегені — осының дәлелі. «Дари добро» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Инна Радченко жаңашылдық туралы өз ойымен бөлісті.

— Қазақстан үшін бұл — бірегей сәт, тіпті тарихи сәт деуге әбден болады. Себебі осы уақытқа дейін жануарларға байланысты барлық заң ішкі аймақтық ережелермен немесе азаматтық, әкімшілік және қылмыстық кодекстермен реттелген. Олар өте шикі, түсініксіз болды. Бір сөзбен айтқанда, өлі баптар еді. Енді жаңа заң пайда болды. Біздің ел шынымен дамыған елдер стандартымен санасатын болды, бұл — әрине, өте қуантарлық жаңалық, — дейді маман.

Ит пен мысықтың құқығын қорғар заң бар екен деп қожайындарына еркінсуге болмайды. Жеті қазынаның бірі жетексіз кетпеу үшін, ит асыраушыларға өзіндік міндет жүктеледі. Заңда үй жануарларын асыраушыларға вакцинациялауды және зарарсыздандыруды қамтамасыз етуді міндеттейтін нормалар белгіленген. Иттердің иелеріне олардың мінез- құлқын бақылай алмайтын, соның ішінде мас күйдегі және 16 жасқа дейінгі балаларға серуендетуге тыйым салынады, мұндай жағдайлар қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде тіркелетін болады. Иттер мен мысықтардың етін тамаққа тұтынуға, сондай-ақ осы жануарлардан алынатын өнімді сатуға тыйым салынады. Тек олардың таралып алынған түгін пайдалануға болады. Төрт аяқтыларға ізгілікпен қараудың мексикалық мысалын келтірер болсақ, ол елде ит, мысықтардың өлексесін жағатын арнайы қызмет бар екен. Ал біздің елде төрт аяқтылар арнайы пештерде өртеледі, ал өлексесі геологиялық қалдық болып саналады. Бұл зооқорғаушылардың көңілінен шықпады. Әзірленіп жатқан нормативтікқұқықтық актілер пакеті жануарларға қатысты иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.

Үй жануарларын есепке алудың да егжей- тегжейлі тәртібі тиісті ережелерде айқындалатын болады. Есепке алу иелерінің есебінен жүзеге асырылады. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға бұл рәсімді мемлекет төлейді.

” Заңмен қорғалған тіршілік иелеріне қатысты қожайындарының есеп беруі 2023 жылдың 1 қыркүйегінде басталады, онда барлық жануардың иелеріне ветеринарлық клиникаларда өз жануарларын есепке қою міндетті болады.

” Оларда барлық жануарды есепке алу үшін бір жыл уақыт бар. Ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап əкімшілік жауапкершілік басталады.

Заңмен қорғалар төрт аяқтыларды ұстаудың санитариялық- эпидемиологиялық ережелері, гигиеналық, ветеринариялық нормативтері барын да естен шығармаған жөн. Себебі ит, мысықтан тарайтын түрлі ауру көп. Сондықтан мына талаптарды қатаң ұстану қажет:

  1. Ветеринариялық мекемелер мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды қарауға, диагностикалық зерттеуге және емдеу профилактикалық дауалауға кедергісіз беруі керек;
  2. Уақытылы вакцинациялау, ауруларын диагностикадан өткізуі және емдеуі керек;
  3. Жануарларда болар тері паразиттері мен гельминттердің алдын алу үшін жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес дауалау жүргізуі тиіс;
  4. Иттер мен мысықтардың құтырмамен ауыру мүмкіндігіне күдік туындаған жағдайда, ветеринариялық және тиісті денсаулық сақтау мекемелеріне олардың адамдарды тістеп алуы, сілекейлеуі, тырнап алу жағдайларының барлығы туралы кідірмей хабарлауы қажет.

Ит пен мысықты ұстау қағидаларын бұзған тұлғаларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің арнайы бабына сәйкес жаза барын жадыңызда ұстағаныңыз абзал.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»