ШАҒЫН АВТОБУСТАРҒА ШАҒЫМ КӨП
Қарағандыдағы шағын автобустардың техникалық жағдайының нашарлығы мен жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілер әрекеті көпшілікті алаңдатып отыр. Қытайдан шығатын «Shaolin» деп аталатын жолаушы тасымалдаушы автобустардың басым көбінің техникалық регламентінде өрескел кемшіліктер бар.
Осыдан бірер күн бұрын жаяу жүргіншіні өткізбеген автобус жүргізушісін тоқтатқан полицейлер кәдімгідей жағасын ұстапты. Себебі, автобустың мемлекеттік нөмірі жалған, ал маршруттық нөмірін жүргізуші өзі салып, автопаркпен келісімге келместен жолаушылар тасымалдап жүрген. Ол аздай автобусты тізгіндеген азамат осыдан біраз уақыт бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған болып шығыпты. Сондықтан, құзырлы орган қазір әкімшілік полициямен бірлесіп, барлық автобустарды жаппай тексеруден өткізіп жатыр. Бүгінде онға жуық автобустан ірілі-ұсақ құқықбұзушылық анықталған. Қарағанды қаласының жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы Темірлан Талдыбаев автобустардың соңғы аялдамасында жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп шамамен қырықтан астам автобус тексерілгенін айтады. Тексеріс кезінде автобустардың техникалық жай-күйімен қатар автобус жүргізушілерінің құжаттары да қаралды. Нәтижесінде автобустарда ұстайтын құрылғысының дұрыс бекітілмеуі, есіктердің дұрыс ашылып-жабылмауы сынды олқылықтар анықталыпты.
Жалпы, Қытайдан шығатын автобустардың экологияға орасан зор зиянды қалдық тастайтынын да жұрт жақсы біледі. Осы мақсатта экологтар бірқатар тексерістер ұйымдастырып, ауаға шығаратын зиянды қалдық көлемінің шамадан тыс екенін анықтаған.
Бұл орайда Саран қаласында ашылған жаңа автобус құрастыру зауытынан күтетін үміт көп. Yutong маркалы автобустар шығара бастаған QazTehna зауытының жылдық қуаты 1 200-ге жуық автобус пен 500-ге жуық арнайы техниканы құрайды. Бұл – облыстың автопаркін кезең-кезеңмен едәуір жаңартуға мүмкіндік береді. Осы сауал облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің халықпен кездесуінде де қойылған. Онда әкім: «Қарағандыда тәулігіне 400-ден астам автобус маршрутқа шығады. Олардың көпшілігі 10-15 жыл бұрын шығарылған қоғамдық көліктер. Жолаушылар тарапынан сервис сапасына қатысты түсіп жатқан шағымдар өте дұрыс. Біз өзімізге облыс орталығындағы барлық жолаушы тасымалдау көліктері паркін толық жаңарту міндетін қойып отырмыз. Процесс өткен жылы басталды. Yutong маркалы 90-ға жуық жаңа автобус қала маршруттарына шықты. Қазір QazTehna зауытымен келісімшарттар жасалды. Алда тағы 60 жаңа автобус келеді. Жалпы, бір жарым-екі жыл ішінде автобус паркі толықтай жаңартылуы тиіс», — деген болатын.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»