Қажымұқанның ерлігін қайталаған қария

Қарағанды облысының 65 жастағы тұрғыны алдағы уақытта белгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың ерлігін қайталауға ниетті. Алшынбай Мұқышев есімді ақсақал арматура темірді оңай майыстырып, тастарды саусағымен-ақ шертіп қаққа бөледі. Спортшы қарт йоганы да еркін меңгерген екен. Өзі – Шет ауданына қарасты Ақжал кентінің тұрғыны.

Басымен тас жаратын Алшынбай ата ауылында «Темір адам», тіпті «Терминатор» аталып кеткен. Осы спортты игере бастағанына 25 жыл болыпты. Қазір турникке де шығады, кір тасын да көтереді. Темір мен тасты да тасталқан етеді. Сөзге сараң болғанымен, істің адамы. Қолынан құрылыс саласы да келіп-ақ тұр. Ғұмырында Қажымұқанды пір ететінін жасырмайды.

– Қажымұқан, мысалы, сиырға дейін көтерген. Күш өнері. Соны естігенбіз. Олар кеудесіне тас сындырып, үстінен машина өткізген. Соны естіп жасағаным ғой. Тыныс алу ғой, медитация, йога деп жатады, сол йоганың бір түрі – менің жасайтыным. Жұқа тақтайдан бастаймыз, біртіндеп жуандарын сындыра бастайсың. Сосын қызыл кірпіштерді сындырдым. Ұрайын деп жатқанда денені тас қылып қатайтып тастау керек. Мысалы, тасты ұрған кезде жұдырықты қатайтасың. Басыңа кірпіш қойып ұрғанда басыңды тас қылып қатайту керек. Оның өзіндік әдісі болады, – дейді қайраты тасыған қарт.

Йога – адам психологиясы, түрлену, дөңгеленген, азат болу ілімі. Йога б.з.д. II ғ. пайда болған. «Йога» сөзі «шоғырлану» деген мағына береді, оның негізін қалаушы болып кемеңгер Патанджали есептеледі. Йога жүйесі ведалық дәстүрді іс жүзіне асыруға, күнделікті тіршілікте үйретуге ерекше мән берді. Йога жүйесі дененің сыртқы қызметін барлық шектеулерден босатпақ, тіпті босататын теориялық нұсқауымен және практикалық негізімен тартымды. Йога жүйесіндегі басты мәселе – жаттығу тәсілдері мен практикасы арқылы жеке адамды өзін-өзі ұстауға, өзінің сезімі мен мінез-құлқын бақылауға, жан дүниесін баулуға үйрету. Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіруге болады.

Қазыналы қарттың йога іліміндегі негізгі бағыты осы спорттық жаттығуларға көбірек келеді.

Жалпы, Ақжал ауылында ақсақалды құрметтейтіндер көп. Аз ұйықтап, көп қызмет ететін ақсақал таң атысымен жұмысқа кірісіп кеткенді ұнатады екен. 16 келілік кір тасын шынашақ саусағымен 10 рет көтереді. Оны ауыл жастары да үлгі тұтады. Кейіпкеріміздің тау қопарар қайратына еріксіз таңырқайсыз. Ол қабырға плиталары мен кафель тастарды да саусақпен-ақ сындыра салады екен. Адам екі қолымен әрең көтеретін алып тасты арқасына немесе кеудесіне қойып, балғамен жарғанда денесіне ешқандай зақым келмейді. Мұның құпиясы уақытында дұрыс демала білуде дейді. Алып күш иесі білегімен темірдің талайын майыстырған. Арматураны орап-орап, артынша орауын жазып, лақтырып тастайды. Бұл үшін спортшыға санаулы секундтар жеткілікті. Осындай спорт түрлерін ол 40 жасынан меңгере бастапты.

Бір қызығы – Алшынбай Мұқышев бұл жаттығуларды арнайы бапкерден үйренбеген. Ғаламтордың көмегіне де жүгінбепті. Кейіпкерімізді осынау өнерге баулыған Қажымұқан Мұңайтпасовтың кітабы екен. Бұл турасында қарттың ұлы Шәкен Әбжанов:

– Ол кісі Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп аталардың кітабын көп оқыған. Солардың өнерін қайталаймын дейді. Қазір жастарға өнеге болсын деп қайталағысы келеді. Басты мақсаты солай болған. Әкеміз – қарапайым адам, беталды елге көрініп суретке түскісі келмейді, – дейді.

Қарттың тау қопарар қайраты еріксіз таңғалдырады. Күш өнеріне қырыққа жетпей сай-сүйектері сырқырап, алғашқы ауру белгілері басталғанда келіпті. Содан бері бойына ерекше күш қонған. Қазір жасы 65-ті алқымдаса да, бітімі шымыр, жүрісі нық. Бойында қуаты барда спорттан алыстамақ емес.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.