ТҰЛҒА БОЛУ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА

 Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ,

Балаларымыз әрқашан білімді болсын

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

Тұлғаны танып, өнегесін бойға сіңіру – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадам.2026–2027 оқу жылының басынан бастап Абай ауданы Ақбастау ауылының жалпы білім беретін мектебінде оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғалардың өмір жолын үлгі ету, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында «Тұлға болу – өз қолыңда» атты тәрбиелік бағыттағы игі бастама қолға алынды.

Бұл бастаманың ерекшелігі – 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі әрбір сыныпқа қазақ халқының тарихында, мәдениетінде, ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың есімдері берілді. Мысалы, 5-6 сыныптары – Ахмет сыныбы, 7-сынып – Мұхтар сыныбы, 8-сынып – Қаныш сыныбы болып аталды. Осылайша әр сынып белгілі бір тарихи тұлғаның есімін иеленіп, оның өмір жолы мен өнегесін танып-білуге бағыт алды.

Бұл жай ғана сыныпқа ат беру емес, бұл – үлкен тәрбиелік мәні бар жауапты қадам. Себебі белгілі бір тұлғаның есімін иелену оқушыға сол адамның өмірін зерттеуге, еңбегін бағалауға, жақсы қасиеттерін бойына сіңіруге мүмкіндік береді әрі жол ашады.

Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының есімін иеленген сынып оқушылары оның ағартушылық жолын, ұлт болашағы үшін атқарған еңбегін танып, білімге деген құштарлықты үлгі тұтады. Шоқан Уәлиханов атындағы сынып оқушылары ғылымға қызығушылық танытып, ізденімпаздық пен жаңашылдыққа ұмтылады. Ал, Абай сыныбының оқушылары ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдеріндегі адамгершілік, еңбекқорлық, білім мен ғылым туралы тағылымдарды өмірлік ұстанымдарына айналдыруға талпынады.

Осындай бағыттағы жұмыстар оқушылардың танымдық қабілетін арттырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, көшбасшылық, ізеттілік, еңбекқорлық және елжандылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Әр сынып өз атауына лайық болуға ұмтылып, түрлі танымдық, шығармашылық, әдеби-мәдени іс-шараларға белсенді қатысу арқылы өздерінің ерекшеліктерін таныта алады.

Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан бала бойына кішкентай кезінен бастап жақсы қасиеттерді сіңіру, ел тарихын құрметтеуге үйрету, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін үлгі ету – мектептің маңызды міндеттерінің бірі.

«Тұлға болу – өз қолыңда» бастамасының мақсаты да осында. Біз оқушыларға тұлғаның есімін ғана танытып қоймай, сол тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерді түсіндіріп, әр баланың өз бойындағы қабілетін ашуға, өзіне сенуге және болашақта елге пайдасы тиетін азамат болып қалыптасуына жол ашқымыз келеді.

Өйткені тұлға болып қалыптасу – бір күндік жұмыс емес. Ол білім алудан, ізденуден, еңбектенуден, өзіңді дамытудан және жақсы істер жасаудан басталады.

Тұлғаға құрмет – тарихқа құрмет. Тұлғадан тағылым алу – болашаққа жасалған қадам. Ал тұлға болу – әр адамның өз қолында!

 

Лаззат Жақсылықовна АБДРАХМАНОВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары