Желіде желікпе, заң бар!

Бір ауыз сөз адамды биікке де көтереді, абыройын да түсіреді. Ал әлеуметтік желі дәуірінде оның салмағы бұрынғыдан бетер артты. Кеше ғана шағын ортада айтылатын әңгіме бүгінде мыңдаған адамның көз алдында өрбиді. Біреудің пікірімен келіспеу, сынау, қарсы уәж айту – заңды құқығымыз. Бірақ кейде ашық пікірталас жеке басқа тиісуге, қорлау мен балағатқа ұласып жатады. Ең өкініштісі, кейбіреулер экранның ар жағында отырып айтылған сөз үшін жауап бермейміз деп ойлайтын тәрізді.

Бүгінде TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілер көпшіліктің пікір алмасатын, жаңалық білетін, түрлі мәселені талқылайтын ортасына айналды. Алайда жазбалардың астындағы пікірлерден орынды сынмен қатар адамның жеке басына тиісу, кемсіту, балағаттау сияқты жағымсыз әрекеттерді де кездестіруге болады. Әсіресе, тікелей эфирде көрермен жинау үшін былапыт сөздерді қолданатындар жоқ емес.

Соның бір мысалы жуырда Қарағандыда тіркелді. Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, TikTok желісінде тікелей эфир жүргізген 33 жастағы қала тұрғыны былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Құқық бұзушылықты Әлихан Бөкейхан ауданының  учаскелік инспекторлары анықтаған. Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізген. Оның өкініші жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілгенімен, сот бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Бұл оқиға ғаламторда айтылған сөздің де заң алдындағы жауапкершіліктен тыс қалмайтынын аңғартады. Әлеуметтік желідегі еркіндіктің құқықтық шегі бар екенін кейде осындай жағдайлар еске салады.

Еркіндіктің де шегі бар

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілік көзделген. Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, адамдарға қорлап тиісу және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзу осы бап бойынша қаралуы мүмкін. Мұндай әрекеттер үшін айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту немесе әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Дегенмен ғаламторда айтылған кез келген дөрекі сөз автоматты түрде ұсақ бұзақылық болып саналмайды. Әрбір оқиғаның мән-жайы, құқық бұзушылықтың сипаты мен дәлелдері жеке бағаланады.

Ал адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту Қылмыстық кодекстің 131-бабында бөлек қарастырылған. Сондай-ақ Азаматтық кодекстің 143-бабына сәйкес, өзі туралы шындыққа жанаспайтын, ар-намысына немесе беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған азамат сот арқылы қорғана алады.

Мұнда бір маңызды айырмашылық бар. Біреудің әрекетін сынау, пікірімен келіспеу немесе қоғамдағы кемшілікті ашық айту – азаматтың заңды құқығы. Ал сынның орнына жеке басқа тиісу, дәлелсіз айып тағу мен әдепсіз сөз қолдану мүлде басқа мәселе. Пікір еркіндігі мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес.

 

Желіде қорлаудың соңы неге апарады?

Әлеуметтік желідегі әдепсіздіктің қауіпті көріністерінің бірі – кибербуллинг. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің ғаламторда жүйелі түрде қорлануы, қудалануы немесе қорқытылуы алаңдатады. Қазақстан заңнамасында балаларға қатысты кибербуллинг ұғымына арнайы анықтама берілген. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабында кәмелетке толмағандарды жәбірлегені үшін жауапкершілік белгіленген.

Біреуді көпшілік алдында мазақ ету, намысына тиетін жазбаларды қайта-қайта жариялау немесе әдейі қудалау адамның жан дүниесіне ауыр әсер етуі мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдер мұндай қысымды жақындарына айтуға жасқанып, қиындықпен жалғыз қалуы ықтимал. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар балалардың ғаламтордағы қарым-қатынасына да көңіл бөлгені жөн.

Қоғамдық әдептің өлшемі адам бетпе-бет сөйлескенде ғана сақталмауы тиіс. Ойды жеткізу үшін міндетті түрде дауыс көтеріп, біреудің намысына тию қажет емес. Уәждің салмағы балағатпен емес, дәлелмен өлшенеді. Ал сөз мәдениеті адамның қай жерде отырғанына емес, оның өз тәрбиесіне байланысты.

Балхаш РАХЫЖАНОВ,

                                   «QH»