Зорлыққа жол жоқ!
Қарағандыда 25 қарашадан бастап «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өтеді. Он алты күнге созылатын шара барысында қала тұрғындарына құқықтық және психологиялық көмек алу жолдары түсіндіріліп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған кездесулер ұйымдастырылады.
Отбасындағы тыныштық пен адамның қауіпсіздігі – қоғамның берекесін айқындайтын маңызды құндылықтар. Алайда зорлық-зомбылық әрдайым көзге көріне бермейді. Ол күш қолданумен ғана шектелмей, қорқыту, кемсіту, психологиялық қысым көрсету арқылы да байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жәбір көрген адамның үнсіз қалмай, дер кезінде көмек сұрауы маңызды. Қарағандыда басталғалы отырған халықаралық акцияның негізгі мақсаты да – тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, зорлық-зомбылыққа қарсы қоғам болып күресуге үндеу.
Жыл сайын әлемнің көптеген елінде өтетін «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы биыл Қарағандыда 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында ұйымдастырылады. Науқанның басталуы Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне, ал қорытындысы Адам құқықтары күніне сәйкес келеді.
Қалалық Отбасын қолдау орталығы осы аралықта тұрғындарға арналған түрлі кездесулер мен түсіндіру шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Әсіресе, жастарға, ата-аналарға, көпбалалы аналар мен қиын жағдайға тап болған отбасыларға ерекше көңіл бөлінбек.
Акцияның алғашқы күні «Қызғылт сары күн» атауымен өтеді. Ұйымдастырушылар тұрғындарға зорлық-зомбылықтың түрлері, одан қорғану және тиісті мекемелерден көмек алу жолдары туралы ақпарат таратады. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық белгісіне айналған қызғылт сары ленталар үлестіріледі. Алдағы күндері отбасындағы өзара сыйластық, жанжалдың алдын алу, күйзеліске төтеп беру және бала тәрбиесіндегі қарым-қатынас мәдениеті жөнінде тренингтер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, ғаламтордағы қауіпсіздік, кибербуллингтен қорғану, ашуды басқару және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелері қозғалады.
Бұл жолғы акцияда жастармен жұмыс істеуге де басымдық берілген. Колледж студенттерімен жанжалды күш қолданбай шешу жолдары талқыланса, жоғары оқу орындарының жастары үшін құқықтық сабақтар өткізу көзделген. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында әлеуметтік тәжірибе ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ақпараттық жұмыс әлеуметтік желілерде де жалғасады. «Отбасы зорлық-зомбылықсыз: зорлықты қалай анықтауға және қайда жүгінуге болады?» тақырыбында тікелей эфир өткізіліп, #StopViolence онлайн бастамасы қолға алынады. Тұрғындарға арналған бейнероликтер мен танымдық материалдар да жарияланбақ.
Акция 10 желтоқсанда облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен өтетін дөңгелек үстелде қорытындыланады. Онда зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасыларға қолдау көрсету мәселелері талқыланбақ. Шараларды ұйымдастырушы – Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек тиісті мекемелердің міндеті емес. Бұл мәселеге әр отбасының, әр азаматтың бейжай қарамауы маңызды. Өйткені қауіпсіз қоғам ең алдымен адам өзін қорғансыз сезінбейтін, оның құқығы мен қадір-қасиеті құрметтелетін ортадан басталады.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

