Бала құқығы – басты назарда

Қарағандыда Дүниежүзілік балалар күніне орай ата-аналар мен қала тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берілді. Кездесуде баланың құқығын қорғау, отбасындағы мәселелерді шешу және әлеуметтік көмек алу жолдары түсіндірілді.

Бала тәрбиесінде ата-ананы толғандыратын мәселе аз емес. Кейде отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі әлімжеттік немесе тұрмыстық қиындықтар баланың өміріне тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайда қайда жүгініп, кімнен көмек сұрау керектігін білу маңызды. Осыны ескерген Қарағанды облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы қала тұрғындарына арналған ашық кездесу ұйымдастырды.

20 қараша – Дүниежүзілік балалар күніне орай өткен шараға қаламыздағы ірі сауда орталығы таңдалды. «Бала құқықтары – адам құқықтары, балалық шақты қорғау» тақырыбындағы кездесуге ата-аналар, балалардың заңды өкілдері мен қала тұрғындары келіп, бірнеше мекеменің мамандарынан бір жерде кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Жиынға облыстық басқармалар мен Қарағанды қаласы әкімдігінің, білім бөлімінің, полиция мен прокуратураның өкілдері қатысты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың, Психологиялық қолдау орталығының, қалалық Отбасын қолдау орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Ашық кездесу барысында баланың құқығы бұзылған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді. Әсіресе, мектептегі буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, жасөспірімдердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне көңіл бөлінді.

Мұндай кездесулердің маңызы басқармаға келіп түскен өтініштерден де байқалады. Мекеме басшысы Баян Нұртаеваның айтуынша, олардың басым бөлігі отбасындағы қарым-қатынасқа қатысты.

– Басқарманың жұмыс істей бастағанына бес ай болды. Осы уақыт ішінде бізге 117 өтініш түсті. Олардың дені отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Сондықтан бүгін ата-аналарды қандай мәселелер мазалайтынын біліп, оларды шешудің жолдарын түсіндіруге басымдық бердік. Құқық қорғау органдарының, отбасын қолдау орталығы мен әлеуметтік қызметтердің мамандары бас қосып, тұрғындарға тегін кеңес берді. Мұндай кездесулер ата-аналар үшін өте қажет деп ойлаймын, – дейді Баян Сейтбекқызы.

Қарағандыда өткен кездесу тиісті мекемелердің басын қосып, тұрғындардың қажетті кеңесті тікелей алуына жағдай жасады. Бала құқығын қорғау тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Ең маңыздысы – қиындыққа тап болған баланың мәселесін дер кезінде байқап, оған қол ұшын созу. Ал мұндай қолдаудың алғашқы қадамы көбіне отбасынан басталады.

Балхаш РАХЫЖАНОВ,

                                   «QH»