Мүмкіндік шектелмесін
Биыл Қарағандыда мүгедектігі бар 407 тұрғын жұмысқа орналасты. Қаладағы кәсіпорындарда арнайы жұмыс орындары да ашылып жатыр.
Жұмыс іздеген адамға ең алдымен қабілетіне сай кәсіп керек. Ал мүгедектігі бар азаматтар үшін кейде оған қоса ғимаратқа еркін кіру, арнайы жабдықты пайдалану немесе жаңа ортаға үйрену мәселесі туындайды. Сондықтан мұндай жандарды жұмыспен қамту бос орын ұсынумен ғана шектелмеуі тиіс. Қарағандыда биыл осы мақсатта бірқатар іс қолға алынып, жүздеген тұрғын тұрақты жұмысқа немесе мемлекеттік қолдау аясындағы бағдарламаларға тартылды.
Қалалық мансап орталығының мәліметінше, жыл басынан бері мүгедектігі бар 407 адам жұмысқа орналастырылған. Соның 287-сі тұрақты қызметке қабылданса, 146 адам белгіленген квота бойынша еңбекке араласқан. Тағы 120 тұрғын жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Олардың қатарында қоғамдық жұмысқа тартылған 65 адам, «Күміс жас» жобасының 40 қатысушысы, «Жастар практикасы» арқылы жұмыс тапқан бес азамат және әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан төрт адам бар.
Жұмыс орны адамға бейімделсе
Жұмыс берушінің мүгедектігі бар адамды қызметке қабылдауға ниеті болғанымен, кейде әдеттегі жұмыс орнын өзгертуге тура келеді. Біріне көру қабілетіне лайық құрал қажет болса, екіншісі үшін есту ерекшелігіне сай жабдық маңызды. Биыл Қарағандыда осындай алты арнайы жұмыс орны қарастырылған. Оның төртеуі есту, екеуі көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған.
Бұл іске «Дедал» ЖШС, «Айсұлтан» ЖК және «Бекбаева А.Ш.» ЖК қатысып отыр. Мұнда қаптаушы, цех жұмысшысы, массаж жасаушы және арт-менеджер қызметтері көзделген. Жұмыс берушілер қажетті арнайы жабдықты сатып алған. Мұндай жұмыс орындары қызметкерлердің өз міндетін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда атқаруы үшін жабдықталады.
– Мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындарын ашуға, жабдық сатып алуға және еңбекақы төлеуге жұмсалған шығындар субсидияланады, – дейді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Мұндай қолдау үш жылға есептелген. Алғашқы 12 айда қызметкер жалақысының 70 пайызы, келесі жылы 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы өтеледі. Дегенмен ай сайын берілетін субсидия 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Биыл бұл – 129 750 теңге. Осылайша мемлекет арнайы орын ашуға кететін шығынның бір бөлігін көтеріп, жұмыс берушінің де, жұмыс іздеушінің де мүмкіндігін кеңейтеді.
Жұмыс тапқаннан кейін де қолдау қажет
Жұмысқа орналасу – істің алғашқы қадамы ғана. Жаңа ұжымға сіңісу, міндетін меңгеру, еңбек жағдайына үйрену де уақыт алады. Осыны ескерген «JOB COACH» жобасы шілде айынан бері Қарағанды облысында жүзеге асырылып келеді. Оның ерекшелігі – мамандардың адамға жұмыс іздеу кезінде ғана емес, қызметке қабылданғаннан кейін де көмек көрсетеді.
Қарағандыдағы Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында, «Арлан-Моторс» ғимаратының бірінші қабатында «Qoldau» тең мүмкіндіктер орталығы жұмыс істейді. Мұнда арнайы оқудан өткен мамандар мен сурдоаудармашы қызмет көрсетеді. Психолог кабинеті де бар. Көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға лайықталған компьютерлік жұмыс орындары жабдықталған. Орталық жұмыс іздеген азаматтың қабілеті мен қажеттілігін ескеріп, лайықты кәсіп табуына көмектесуді көздейді.
– Қала кәсіпорындарымен тұрақты байланыс орнатқанбыз. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіп, жұмыс берушілерге кеңес береміз. Әсіресе, белгіленген квота бойынша қызметке қабылдау мен арнайы жұмыс орындарын ашуға мән береміз, – дейді Нұржан Хамитұлы.
Мұндай кездесулерде жұмыс берушілерге квотаның талаптары, мемлекеттен қолдау алу жолдары және арнайы жұмыс орнын жабдықтау тәртібі түсіндіріледі. Ал мансап орталығы жұмыс іздеушінің біліміне, тәжірибесіне, кәсіби дағдысына және денсаулығына қатысты шектеулеріне қарай лайықты орын таңдауға көмектеседі. Қажет болған жағдайда оқуға, кәсіби бағдар алуға немесе жаңа жұмысқа бейімделуге жәрдем көрсетіледі.
Қарағандыда жыл басынан бері жұмыс тапқан 407 адамның әрқайсысының кәсібі мен өмірлік жағдайы әртүрлі. Бірақ бәріне ортақ бір қажеттілік бар: өз еңбегімен табыс тауып, қоғам өміріне еркін араласу. Сондықтан бұл саладағы жұмыстың шынайы нәтижесі тек қабылданған адамдардың санымен емес, олардың өз орнын тауып, кәсібін жалғастыра алуымен де өлшенбек.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

