Білім бәйгесінен олжалы оралды

Қарағандылық үш оқушы Президенттік олимпиаданың жүлдегері атанды. Елордада өткен білім додасында олар бір күміс, екі қола медаль жеңіп алды.

Білім бәйгесінде бақ сынау үшін зеректік қана аздық етеді. Табандылық, тынымсыз ізденіс, алған біліміңді сын сағатында дұрыс пайдалана білу де қажет. Әсіресе, бір емес, төрт пәннен қатар сыналатын додада әр тапсырманың салмағы ауыр. Жуырда Астанада өткен XIX Президенттік олимпиадада қарағандылық оқушылар осы сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі оралды. Үш шәкірттің жетістігі – олардың білімге деген ынтасы мен қажырлы еңбегінің жемісі.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі 9-13 қараша аралығында өтті. Бұл жолы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 188 оқушы математика, физика, химия және биология пәндерінен білімін сарапқа салды. Алғашқы кезеңге 3 690 оқушы қатысқанын ескерсек, ақтық сынға жетудің өзі оңай болмағаны анық. Іріктеуден өткен қарағандылық тоғыз оқушының үшеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Қарағандыдағы №2 лицейдің оқушысы Диана Нүркенова күміс медаль жеңіп алды. Ал «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының шәкірті Имран Чавоши мен «Дарын» мектеп-лицей-интернатының оқушысы Әлішер Сайлау қола жүлдеге ие болды.

 

Жеңіске жетелеген ізденіс

Күміс жүлдегер Диана Нүркенова үшін бұл олимпиада өз білімін бағамдап, алдағы ізденісіне жаңа мақсат қоюға мүмкіндік берген. Төрт пәннен додаға түскен жерлесіміз әр тапсырманың өзіндік қиындығы болғанын айтады. Әсіресе, физикадан келген есептерге көбірек күш жұмсаған.

– Маған ең қиыны физика болды, ал биология пәнінің тапсырмаларын орындау жеңілірек болды. Жеңіске жету үшін дайындықты әлі де пысықтауым керек еді деп ойлаймын. Дегенмен екінші орынның өзі – үлкен жетістік, – дейді Диана.

Қола жүлдегер Имран Чавоши бұған дейін де түрлі білім сайыстарына қатысып, тәжірибе жинаған. Физиканы ерекше жақсы көретін ол лингвистикалық байқауларда жеңімпаз атанып, ғылыми жобалар жарысында бақ сынаған. Сондай-ақ математикадан халықаралық олимпиадаға қатысқан.

– Президенттік олимпиадаға қатысу үшін барлық пәннен, соның ішінде өзім онша қызыға бермейтін химия мен биологиядан да дайындалуыма тура келді. Кейбір тақырыптарды тереңірек меңгеріп, сәттілік серік болғанда, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге болар еді деп ойлаймын. Дегенмен бұл олимпиада мен үшін үлкен тәжірибе жинақтап, жаңа достар табуға мүмкіндік берген маңызды дода болды, – дейді ол.

Ал «Дарын» мектеп-лицей-интернатының шәкірті Әлішер Сайлау бұған дейін республикалық олимпиадалардың облыстық кезеңдерінде бірнеше мәрте жүлде алған. Бұл жолы да үмітті ақтап, қола медаль иеленді. Оның айтуынша, физикадан бір есепті шығарғанда формуланы қате жазуы нәтижесіне әсер еткен. Жас дарын алдағы уақытта химия пәніне де көбірек көңіл бөлмек.

 

Төрт пәннің таразысы

Президенттік олимпиаданың өзге пәндік жарыстардан ерекшелігі – қатысушылардың төрт пәннен бірдей сынақ тапсыруы. Мұндай талап оқушының тек бір саладағы қабілетін емес, жаратылыстану ғылымдары бойынша жан-жақты білімін бағалауға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 188 қатысушының 47-сі жүлделі орынға ие болған. Тоғыз оқушы алтын, 14-і күміс, 24-і қола медальмен марапатталды. Сол жүлдегерлердің үшеуі Қарағанды қаласындағы білім ошақтарының шәкірттері.

2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Президенттік олимпиада мектеп оқушыларының білімін шыңдап қана қоймай, олардың ғылымға қызығушылығын арттыруды да көздейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгіленген тәртіпке сәйкес жоғары оқу орындарының білім гранттарына арналған конкурсқа қатысқанда басым құқыққа ие болады. Демек, бүгінгі жетістік ертең жоғары білім алуға да септігін тигізуі мүмкін. Президенттік олимпиададан бір күміс, екі қола медальмен оралған қарағандылық оқушылардың алдында енді жаңа белестер тұр.

Балхаш РАХЫЖАНОВ,

«QH»