Қала жолдары жаңарып келеді
Қарағандыда биыл 39 шақырым жол жөнделіп, бірнеше ірі көшенің құрылысы ілгеріледі. Алдағы жылы Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы қатынасты жеңілдететін жаңа жолды аяқтау көзделіп отыр.
Қарағандының бір шетінен екінші шетіне жету оңай шаруа емес. Әсіресе, таңғы және кешкі қарбаласта көлік көбейіп, діттеген жерге жетудің өзі біраз уақыт алады. Қаланың аумағы кең, шағын аудандары да бір-бірінен алшақ орналасқан. Сондықтан қарағандылықтар үшін көшелердің жаңарып, жаңа жолдардың салынуы – күнделікті тіршілікке тікелей әсер ететін маңызды шаруа. Биыл да осы мақсатта бірқатар жұмыс атқарылды. Ескі көшелер жөнделіп, бірнеше ірі жобаның құрылысы басталды.
Күздің соңғы айында қаладағы жол жөндеу жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин биыл атқарылған істер жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, жыл басында қала жолдарының 85 пайызы талапқа сай болса, қазір бұл көрсеткіш 88 пайызға жеткен. Биыл 39 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Қарағанды көшелерінің жалпы ұзындығы 923 шақырым болса, соның 812 шақырымына асфальт төселген.
Екі ауданды жалғайтын жол
Биылғы жол құрылыстарының ішінде Мұқанов көшесін ұзарту жобасының орны бөлек. Бұл жол салынып біткенде Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы қатынас едәуір жеңілдемек. Қазір екі ауданның арасында қатынайтын жүргізушілерге қаланың өзге көшелерін айналып өтуге тура келеді. Әсіресе, таңғы және кеші уақытта көлік қозғалысы қиындайды.
Қала әкімі Мейрам Кожухов та осы мәселеге тоқталып, жаңа жолдың маңызын атап өткен болатын.
– Осы бағытпен күн сайын қатынайтын адамдар бұл жолдың қаншалықты қажет екенін жақсы түсінеді. Әсіресе таңертең және кешке көлік нөпірі үлкен кептеліске айналады, – деген еді қала басшысы.
Жаңа жолдың ұзындығы шамамен алты шақырымға жуық. Төрт жолақты асфальт, шығыс айналма жолына барып қосылады. Биыл Мұқанов көшесінің Тәттімбет көшесімен қиылысатын тұсы толық жаңартылды. Сонымен қатар 2,9 км асфальт төселіп, Солтүстік-Шығыс айналма жолы бағытындағы тағы 4,78 км жолдың негізі әзірленді. Құрылысты 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа жол ашылғанда жүргізушілерге қаланың екі бөлігіне қатынауды едәуір жеңілдетіп, көлік көп жүретін көшелердің жүктемесін азайтуға септігін тигізбек.
Жаңаратын көшелер аз емес
Мұқанов көшесінен бөлек, қаланың өзге бөліктерінде де жол құрылысы қарқынды жалғасуда. Мәселен, Бөкетов көшесінен Мұқанов көшесіне оңға бұрылатын қосымша жолақтар салынып, жол жиегі абаттандырылды.
Волочаевская мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы жолдың да бастапқы жөндеу жұмыстар аяқталған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы салынып, электр кабельдерінің орны ауыстырылды. Сондай-ақ 700 метрге асфальттың төменгі қабаты төселді. Құрылыс келесі жылдың үшінші тоқсанында аяқталуға тиіс.
Сарыарқа көшесіндегі ұзындығы 1,4 шақырымдық жол құрылысына 4,2 млрдд теңге қарастырылған. Қазір оның негізі әзірленіп, жер астындағы желілер көшірілуде. Ал Университет көшесін Гапеев көшесін жалғайтын 2,4 км жаңа жол салынады. Жобаның құны – 4,1 млрд теңге. Мұнда да негізгі дайындық жұмыстары толық аяқталған. Аталған көшелердегі жұмыстар 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады.
Бұл көшелердің әрқайсысы қаланың әр тұсында орналасқанымен, мақсаты ортақ. Жаңа жолдар бұрын бір-біріне жалғанбаған көшелердің арасын қосып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге тиіс. Қарағанды сияқты аумағы үлкен қала үшін мұның маңызы зор.
Сапа да назардан тыс қалмайды
Жаңа жолдар салумен қатар, бұрыннан бар көшелерді жөндеуге де көңіл бөлінді. Биыл 85 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған еді. Алайда қаражаттың жетіспеуінен оның 39 шақырымы ғана жаңартылды. Қалған бөлігін жөндеу қаржы бөлінген кезде жалғасады.Бұдан бөлек, сегіз шақырым жолға қиыршықтас төселіп, беті тегістелді. Ал 60 мың шаршы метр аумақта асфальттың ойылған тұстары жамалды.
Жолдың жайы жөндеу біткен күні ғана бағаланбайды. Оның сапасы бірнеше жыл бойы сыналады. Сондықтан қалада мердігерлердің кепілдік міндеттемелеріне де көңіл бөлінген. Мамандар тексерген 16 жол бөлігінде жалпы аумағы шамамен 11 мың шаршы метр кемшілік анықталып, ақаулар қалпына келтірілді. Қалған жолдардағы кемшіліктерді жою да бақылауда.
Қазір жол жөндеу маусымы аяқталып, қысқы күтім алдыңғы орынға шықты. Қарағандының қысы ұзақ, қары қалың. Мұндайда көшелердің дер кезінде тазалануы айрықша маңызды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қар тазалайтын техниканы әзірлеп, көктайғаққа қарсы материал қорын жеткілікті дайындауды қатаң тапсырды.
Биылғы жол жөндеу маусымы Қарағанды үшін осындай нәтижемен аяқталды. Қаладағы талапқа сай жолдардың үлесі артты, бірқатар көше жаңарып, ірі құрылыстар ілгеріледі. Ендігі міндет – басталған істі аяқтап, жаңа жолдарды тұрғындардың игілігіне беру. Алдағы жылы жоспарланған жобалар жүзеге асса, Қарағандының бір шетінен екінші шетіне жету бұрынғыдан жеңілдей түспек.
Балхаш РАХЫЖАНОВ,
«QH»

