Сот шахтадағы құрылғы жұмысына тыйым салды

Қарағандыда Т.Күзембаев атындағы шахтада кеншілер өміріне қауіп төндірген құрылғының жұмысына тыйым салынды. Үкімді ауданаралық экономикалық сот өкілдері шығарып отыр.

Шағымды өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өкілдері түсірген. Заңбұзушылықтар тізімінде барлығы 8 тармақ бар, бірақ металлургиялық комбинат тек екі олқылықты жойған. Комбинат өкілдері «жүк көтергіш машинаны жөндеуге бірнеше ай қажет, ал жабдықты тоқтату бәрін түзетуге мүмкіндік бермейді»- дейді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өкілдерінің айтуынша шахталарда құрылғы жабдықтардың ескірген және тозығы жеткендігін, тіпті кей кездері қолдануға аса қауіпті жабдықтардың көп екендігін алға тартып отыр.

— Аталмыш өндірісте жұмысшылар жарақат алу ықтималы жоғары еді. Немесе, апатты жағдай туындап желдету талаптары бұзылуы мүмкін болған. Өйткені қазба орынының жағдайы талапқа сай емес. Өткен жылы тексеріс жүргізгенбіз. Мұндай олқылық болмаған. Яғни, бір жыл ішінде жағдай қиындағанын көріп отырмыз. Біз, жылына бір мәрте тексереміз. Тағылған 8 бірдей ескертпенің тек 2-уі ғана жойылған, — дейді Виктор Маркарянц өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы. Атап өткен жөн сот шешімі әлі де заңды күшіне енген жоқ.

Расул МҰХАММЕД,

QH.