Бизнесті сақтау – жұмыс орындарын сақтау

Шағын және орта бизнес – экономиканың маңызды тіректерінің бірі. Кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының артуына және жергілікті экономиканың жандануына тікелей әсер етеді. Сондықтан бизнестің тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау, кәсіпкерлерге түсетін салмақты негізсіз арттырмау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Соңғы уақытта Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің санына қатысты мәселе қоғам назарында тұр. Алты айдың ішінде олардың саны 200 мыңға азайған. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, тек Алматы қаласының өзінде 40 мыңнан астам кәсіпорын жабылған.

Билік бұл көрсеткішті жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өтуімен түсіндіреді. Алайда Құрылтай депутаттары бұл деректерді жан-жақты талдау қажет деп санайды. Себебі статистикадағы әрбір өзгерістің артында нақты кәсіпкерлік нысан, жұмыс орны және азаматтардың табысы тұр.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі жаңа өзгерістердің қосымша салдарынан тағы 100 мыңға жуық бизнес субъектісі жабылуы мүмкін екенін де айтқан болатын. Осыған байланысты кәсіпкерліктің нақты жағдайын анықтау, бизнестің қандай себеппен жабылып жатқанын ажыратып көрсету маңызды.

Құрылтай депутаты Константин Авершиннің айтуынша, 2026 жылы жеке кәсіпкерлер қызметінің тоқтатылуына қатысты толық әрі нақты құрылым ұсынылуы керек.

«Осы айтылғандарға байланысты «Әділет» партиясының фракциясы 2026 жылы жеке кәсіпкерлер қызметінің тоқтатылуы бойынша толық құрылымды ұсынуды қажет деп санайды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметін нақты тоқтатқан ЖШС мен ЖК саны, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне өткендер, жаңа салық шарттары енгізілгенге дейін нақты қызмет жүргізбеген субъектілер бөлек көрсетілуі қажет. Сондай-ақ жалпыға бірдей белгіленген режимге өткеннен кейін немесе жаңа салық жағдайында жұмысын жалғастыру мүмкіндігі болмағандықтан қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер саны да нақтылануы тиіс», – дейді Құрылтай депутаты Константин Авершин.

Депутат көтерген мәселе бизнестің нақты жағдайын бағалаудың маңызын көрсетеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің азаюын бір ғана себеппен түсіндіру жеткіліксіз. Бір кәсіпкер қызметін толық тоқтатуы мүмкін, екіншісі жаңа салық режиміне ауысуы ықтимал, ал үшіншісі жаңа талаптарға байланысты жұмысын жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Сондықтан осы санаттардың барлығын жеке-жеке көрсету қажет.

Сонымен қатар салық өзгерістерінің шағын және орта бизнестің нақты секторына әсері де жан-жақты бағалануы тиіс. Мұнда жұмыспен қамтылғандар саны, жұмыс орындарының динамикасы, кәсіпкерлердің айналымы, салық түсімдері, жаңадан тіркелген және қызметін тоқтатқан субъектілер саны ескерілуі керек.

Бұл көрсеткіштер бизнестің нақты ахуалын түсінуге мүмкіндік береді. Мәселен, кәсіпорындардың жабылуы жұмыс орындарының қысқаруына алып келсе, оның әлеуметтік салдары да болады. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің бір бөлігі көлеңкелі секторға ауысса, бұл да экономиканың ашықтығына әсер ететін мәселе.

Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау тек қаржылай көмек көрсетумен шектелмеуі керек. Бизнеске түсінікті әрі тұрақты талаптар қажет. Салықтық өзгерістер енгізілген кезде кәсіпкерлердің жаңа жағдайға бейімделуіне мүмкіндік беріп, олардың жұмысын жалғастыруына жағдай жасау да маңызды.

Депутаттар салық реформасының негізгі нәтижесі статистикадағы көрсеткіштерді формальды түрде жақсарту емес, нақты жұмыс істеп тұрған бизнесті, жұмыс орындарын және кәсіпкерлік бастаманы сақтап қалу болуы тиіс екенін атап отыр.

Өйткені әрбір шағын кәсіпорынның артында кәсіпкердің еңбегімен қатар, қызметкерлердің табысы, отбасылардың әл-ауқаты және жергілікті экономиканың қозғалысы тұр. Осы себепті бизнесті қолдау – кәсіпкердің өзіне ғана емес, қоғамның экономикалық тұрақтылығына жасалған қолдау.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»