Жер астындағы жауапты кәсіп
Қарағанды өңірі қашанда кеншілер еңбегімен танылған өлке. Қара жердің қойнауынан қазына өндіру – зор жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және табандылықты талап ететін жұмыс. Бұл салада ерлермен қатар өз ісін жетік меңгерген әйелдер де еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Ақерке Сырымбекқызы.
Оның шахта саласына келуі кездейсоқ емес. Кен өндірісінің қыр-сырын ол бала кезінен жақсы білген. Себебі нағашыларының басым бөлігі шахтада еңбек еткен. Сондықтан жер астындағы жұмыс оған таңсық болған жоқ. Керісінше, отбасыдағы еңбек дәстүрі жас Ақеркенің болашақ мамандығына деген қызығушылығын ерте қалыптастырды.
Мектепті аяқтаған соң ол мамандық таңдауға келгенде көп ойланған жоқ. 2013 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне маркшейдер мамандығына оқуға түсті. Техникалық білім алып қана қоймай, кәсіби ізденісін әрі қарай жалғастырып, геомеханика бағыты бойынша магистратурада білім алды.
Жас маманның еңбек жолы мұнымен шектелген жоқ. Біраз уақыт педагогика саласында еңбек етіп, университетте сабақ берді. Дегенмен өндірістің тынысы мен шахтадағы еңбек оған ерекше жақын еді. Осылайша Ақерке Сырымбекқызы қайтадан өзі таңдаған салаға бет бұрды.
Көп ұзамай ол «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа орналасып, жер астындағы еңбек жолын бастады.
– Жер астына жұмысқа барамын деген шешімді бір күнде қабылдадым. «Қазақмыс» корпорациясына бірден жұмысқа тұрдым. Сол кезде маған «Жұмыс істей аласыз ба?», «Жер астынан қорықпайсыз ба?» деген сұрақтар қойылды. Қыз бала болғаннан кейін, мұндай сұрақтардың қойылуы заңды еді, – дейді Ақерке Сырымбекқызы.
Шахтадағы еңбек – теориялық білімді ғана емес, тәжірибе мен төзімділікті де қажет етеді. Әсіресе ер адамдар басым ортаға бейімделу жас маман үшін алғашқы кезде оңай болмаған. Алайда Ақерке қиындыққа қарамастан, кәсіби міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, тәжірибесін шыңдай білді.
– Басында ер адамдармен бірге жұмыс істеу қиын болды. Бірақ уақыт өте келе ортаға бейімделдім. Қазір осының барлығын жеңіп, мықты маман болып отырмын, – дейді ол.
Бүгінде Ақерке Сырымбекқызы – өз кәсібінің қыр-сырын меңгерген маман. Оның айтуынша, өндірістегі тәжірибе адамды шыңдап, жауапкершілігін арттырады. Ал шахтерлер әулетінен шығуы бұл мамандыққа деген құрметін одан әрі күшейте түскен.
– Шахта саласына келуім нағашыммен тікелей байланысты. Өтірік айтпасам, отызға жуық адам болып жұмыс істейміз, – дейді маман.
Ақеркенің кәсіби жолына көз жүгіртсек, еңбекке деген ұмтылыстың түрлі белесті қамтитынын аңғаруға болады. Маркшейдерлік білім, геомеханика саласындағы ізденіс, педагогикалық тәжірибе және өндірістегі қызмет – мұның барлығы оның маман ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Оның өмір жолы еңбек адамына қажетті басты қасиеттердің бірі – табандылық екенін көрсетеді. Адам өзіне ұнайтын кәсіпті таңдаса, жаңа ортаға бейімделіп, білімін жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік алады. Бұл ретте Ақерке Сырымбекқызының «Кеш емес» жобасына қатысып, жеңімпаз атануы да оның ізденіс пен дамуға ұмтылысын айғақтайды.
Қазір ол ер адамдар көп шоғырланған өндірістік ортада өз орнын қалыптастырып, жауапты міндет атқарып жүр. Оның еңбек жолы техникалық және өндірістік мамандықтардың қыз-келіншектер үшін де қолжетімді екенін көрсетеді. Ең бастысы – таңдалған кәсіпке адалдық, білімге құштарлық және еңбектенуден қорықпау.
Еңбек адамының жетістігі – бір күнде келетін нәтиже емес. Оның артында жылдар бойғы білім, тәжірибе, ізденіс пен маңдай тер бар. Ақерке Сырымбекқызының кәсіби жолы да осыны дәлелдейді.
Бала күнінде нағашыларының шахтадағы еңбегін көріп өскен Ақерке бүгінде сол дәстүрді өзі жалғастырып келеді. Жер астындағы жауапты жұмысты таңдаған ол кәсібін меңгеріп, өндірістің дамуына өз үлесін қосып жүр. Бұл – өз еңбегімен жолын қалыптастырған заманауи еңбек адамының өнегелі жолы.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

