Ұстаз үнемі ізденісте
Қазіргі білім беру жүйесі үнемі жаңарып келеді. Оқу бағдарламалары өзгеріп, жаңа әдістемелер мен цифрлық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект құралдары білім беру үдерісіне еніп жатыр. Мұндай жағдайда мұғалімнің де кәсіби тұрғыдан үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыруы маңызды.
Елімізде педагогтердің біліктілігін арттыру курстарынан өту тәртібі жүйелі түрде жүргізіледі. Қолданыстағы талап бойынша мұғалімдер үш жылда бір рет кәсіби білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұл уақыт аралығында педагогтер жаңа оқыту әдістерін меңгеріп қана қоймай, алған білімін тәжірибеде қолдануы тиіс.
Алайда кез келген оқу мұғалімнің негізгі міндеті – сабақ берумен қатар атқарылады. Курстан өту, құжаттарды рәсімдеу, кейінгі тапсырмаларды орындау және оқу нәтижесін растау белгілі бір уақыт пен күшті талап етеді. Сондықтан біліктілікті арттырудың педагогтерге қосымша салмақ түсірмей, керісінше кәсіби дамуына нақты мүмкіндік беруі маңызды.
Қарағанды облысы Математиктер қауымдастығының төрайымы Лариса Пинчук үш жылда бір рет біліктілікті арттырудан өтуді қалыпты тәжірибе деп санайды. Оның айтуынша, бүгінде мұғалімдер үшін онлайн және офлайн форматтағы түрлі курстарға қатысуға мүмкіндік бар.
«Біліктілікті арттырудың үш жылда бір рет болуы – қалыпты нәрсе деп есептеймін. Қазір онлайн режимде де қызықты курстар көп. Әр мұғалім өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады. Әкімшілік те педагогке курсқа қатысу үшін мүмкіндік жасауға тырысады. Ең бастысы – жаңа нәрсені қабылдап, үйренуге деген ниет болуы керек. Қазіргі жаңашылдықтарды енгізу әр мұғалімнің өзіне де байланысты», – дейді Қарағанды облысы Математиктер қауымдастығының төрайымы Лариса Пинчук.
Педагогтердің кәсіби дамуына қатысты мәселенің тағы бір маңызды қыры – біліктілікті арттыру курстарының нақты нәтижеге бағытталуы. Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары мұғалімдерден түсетін шағымдар азайған. Бұл ретте курстардың мазмұны мен педагогке көрсетілетін кейінгі қолдаудың маңызы зор.
«Педагогтің кәсіби дамуы құр есеп үшін жүргізілмеуі керек. «Курс үшін курс» деген ұстаным болмауы тиіс. Біліктілікті арттыру курстары педагогтер үшін маңызды әрі қажет. Ең бастысы – бұл бір реттік шара болып қалмай, жыл бойы мұғалімге қолдау көрсетілетін жүйе болуы керек», – дейді Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымының төрайымы Алмагүл Ракишева.
Ал «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының өкілдері үш жылдық мерзімділіктің өзі басты мақсат емес екенін атап өтеді. Негізгі міндет – педагогтің кәсіби дамуын үздіксіз қамтамасыз ету.
«Үш жылдық мерзімділік – түпкі мақсат емес, педагогтің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін механизм. Жұмыстың тиімділігін курстардың санымен емес, практикалық нәтижемен және меңгерілген құзыреттердің білім беру үдерісінің сапасына әсерімен бағалау қажет», – дейді «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы» АҚ Академиялық қызмет департаментінің директоры Маржан Ысқақова.
Орталық мәліметінше, педагогтердің біліктілігін үш жыл сайын арттырудың тиімділігі арнайы мониторинг нәтижелерімен бағаланады. Сонымен қатар мұғалімдерге курстан кейінгі қолдау көрсетіліп, алған білімін тәжірибеде қолдануына жағдай жасалады.
Бүгінде мұғалімнің кәсіби дамуы тек сертификат алу немесе белгілі бір талапты орындаумен шектелмеуі тиіс. Оның шынайы нәтижесі сабақ сапасынан, жаңа әдістерді қолданудан және оқушының білім алуына тигізген әсерінен көрінеді.
Сондықтан біліктілікті арттыру курстары педагог үшін қосымша міндет емес, кәсіби шеберлігін шыңдайтын мүмкіндікке айналғаны маңызды. Ал білім беру жүйесіндегі өзгерістерге ілесе отырып, үнемі ізденетін ұстаз – сапалы білімнің негізгі тіректерінің бірі.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

