Бастауыш сыныптарға бағалау тәртібі жаңарды

23-30 қыркүйек аралығында Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларының аралық бағалауының алғашқы кезеңі өтеді. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда қалыптастырушы және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бұл жұмыстар оқушының оқу барысындағы жетістігін жүйелі бақылап, біліміндегі олқылықтарды анықтауға бағытталған.

Бағалау форматы пәннің ерекшелігіне қарай белгіленеді. Қазақ тілі мен орыс тілінен оқушылар диктант жазып, оқу сауаттылығына қатысты тапсырмаларды орындайды. Мұнда баланың сауатты жазуы және мәтін мазмұнын түсіну деңгейі ескеріледі.

Әдебиеттік оқу пәнінде мазмұндама немесе эссе жазу қарастырылған. Ал математикадан бақылау жұмысы алынады. Бұл тапсырмалар арқылы оқушының есептеу дағдысы, есеп шартын түсінуі, шешу тәсілін дұрыс таңдауы және жауабын негіздей білуі бағаланады.

Бір бағалау жұмысын орындауға 40 минут беріледі. Ең жоғары балл сынып деңгейіне қарай өзгереді: 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балл.

Сонымен қатар қалыптастырушы бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы тиіс. Бұл ретте оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызы қамтылуы қажет. Қалыптастырушы бағалау нәтижелері 10 балдық жүйемен белгіленеді.