Қазақ мемлекеттілігін жаңғыртқан тарихи тұлға
Қазақ тарихында елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап қалу жолында күрескен тұлғалардың орны ерекше. Солардың бірі – Кенесары Қасымұлы. Биыл қазақтың соңғы ханы Кенесарының хан сайланғанына 185 жыл толып отыр. Бұл тарихи дата елдің мемлекеттілік тарихын қайта зерделеп, өткеннен тағылым алуға мүмкіндік береді.
Кенесары Қасымұлы – Абылай ханның немересі, қазақ тарихындағы аса күрделі кезеңде ел тізгінін ұстаған тарихи тұлға. 1841 жылдың қыркүйегінде Ұлытау өңірінде өткен жиында үш жүздің билері мен батырлары, беделді ру өкілдері Кенесарыны хан сайлаған. Бұл оқиға кездейсоқ шешім емес еді. Қазақ қоғамының сол кездегі беделді өкілдері елдің басын біріктіріп, мемлекеттің дербестігін сақтап қалатын көшбасшы ретінде Кенесарыны таңдады. Осыдан кейін Кенесары ханның саяси билігі қалыптасып, оның айналасына қазақтың әр өңірінен қолдаушылар топтасты. Кенесары бастаған қозғалыс 1837-1847 жылдар аралығын қамтыды. Он жылға жуық уақытқа созылған бұл күрестің негізгі мақсаты – қазақ жерінің тұтастығын сақтау, хандық биліктің дербестігін қорғау және сыртқы саяси қысымға қарсы тұру болды. Кенесары қозғалысын зерттеген көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмаханов оның тарихи маңызын кеңінен қарастырды. Ғалымның 1947 жылы жарық көрген «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінде Кенесары бастаған қозғалысқа елеулі орын берілген. Бекмаханов бұл қозғалысты ұлт-азаттық сипаттағы күрес ретінде бағалаған. Кенесарының саяси қызметінің тағы бір ерекшелігі – оның сыртқы саясатқа да мән беруі. Тарихшылардың пікірінше, Кенесары өзін жай ғана көтеріліс басшысы ретінде емес, дербес мемлекеттің ханы ретінде танытуға ұмтылған. Ресей империясымен қарым-қатынас орнатып, дипломатиялық жолмен мәселелерді шешуге талпыныс жасаған. Қарағанды зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Нұртас Смағұловтың айтуынша, осы себепті Кенесары қозғалысын тек көтеріліс аясында қарастыру жеткіліксіз.
– Кенесары қозғалысы – жеке хандықтың, дербес мемлекеттің тарихымен байланысты құбылыс. Сондықтан бұл кезеңді мемлекетаралық қақтығыс тұрғысынан да қарастырған жөн», – дейді ғалым.
Кенесары дәуірі қазақ даласындағы саяси өзгерістер мен отарлық қысымның күшейген кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы уақыттағы оқиғалар ел бірлігі мен мемлекеттіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Тарихшылардың пайымдауынша, тарихи сананы қалыптастыру үшін мұндай оқиғаларды кейінгі ұрпаққа жүйелі түрде жеткізу қажет. Өйткені халықтың өткенін білуі оның бүгінгі тәуелсіздіктің қадірін түсінуіне ықпал етеді. Кенесары Қасымұлы 1841 жылы хан сайланып, қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу жолындағы күресті жалғастырды. Оның қозғалысы 1847 жылға дейін созылды. Осы кезең қазақ тарихындағы хандық дәуірдің соңғы белестерінің бірі болды. Кенесары Қасымұлы тарихта қазақтың соңғы ханы ретінде қалды. Оның есімі ел тәуелсіздігі, ұлттық бірлік және мемлекеттілік ұғымдарымен тығыз байланысты. Бүгінде Кенесары ханның өмірі мен саяси қызметін зерттеу – тек өткенді тану емес, ұлттық тарихтың сабақтастығын түсінудің де маңызды бөлігі. 185 жылдық тарихи дата осы кезеңге қайта үңіліп, Кенесары дәуірінің ел тарихындағы орнын бағамдауға мүмкіндік береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

