Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзі
Құрметті жастар мен еріктілер!
Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады.
Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша.

Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр.
Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді.
Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: біз тазалық ұғымына кең ауқымда қарауымыз керек. Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды.

Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние.
«Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 миллион тал егілді.
Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы. Осы орайда, нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа тағы да алғыс айтамын. Осындай нағыз отаншыл, патриот азаматтарды мемлекетіміз марапаттауы керек. Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын.
«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, сонымен қатар, бұл – халқымыздың саналы таңдауы. «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлде жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады.

Бірақ арқаны кеңге салып, мәз болып, босаңсуға болмайды. Біз өркениетті ел боламыз десек, тек алға қарай жүруіміз керек. Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы.
Бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басты. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда. Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр.
Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады.
Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отыр. Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым. Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізді ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет.
Жалпы, ел азаматтары да, елімізге келген шетел азаматтары да қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтап, заң талаптарына құрметпен қарауға тиіс. Сонда ғана «Таза Қазақстан» құндылықтары ұлт болмысының мызғымас қасиетіне, ажырамас бөлігіне айналады.

Табиғатты аялау, өзара құрмет қағидаттарын, сондай-ақ барлық белгіленген нормалар мен ережелерді сақтау отандастарымыздың мінез-құлқының, тіпті ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оның үстіне, қазір Конституцияның өзі осыған міндеттейді.
Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемде халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейінің, сондай-ақ адамгершілік қасиеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл – ақиқат.
Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді.
Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз.
Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятады. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді.

Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жолында нық қадам бастық. Табыстарымыз көзге көрініп тұр, оны күнделікті өмірде пайдаланып та жүрміз.
Бұған дейін атап өткенімдей, елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін таратудың маңызы зор. Олар қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді сәтті қолданып келеді. Орталық елорданың бірыңғай сәулет стилін айқындайтын үлгілер мен дизайн-код әзірлеуде. Әрине, шетелдік тәжірибе де пайдаланылады. Бұл – қажет іс. Барлық өңірде осы іспетті орталықтардың жұмысын уақыт оздырмай жолға қою қажет. Олар шаһарлардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс.
Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек. Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы жүйелі саясат өз жемісін бере бастады. Оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бұл акция немесе науқан өмір бойы жалғаспайды. Әйтсе де онда тұрған дәнеңе жоқ. Керісінше, оның жақсы тұсы көп. Ең бастысы, өркениет талаптарына сай болу үшін сана-сезімде сілкініс болуы қажет.
Бұл – біздің саналы таңдауымыз. Басқаша болуы мүмкін емес.

Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Ол құр сөз емес. Мәселе әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын орасан зор қаржы көлемінде де емес. Әйтсе де бұл тақырыпты қозғауға тура келеді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған. Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер.
Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады. Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі (Жақында ауыр дертке шалдыққан бір ғалымды Италиядан алып келді).
Тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді. Азаматтарымыздың басым бөлігі оның игілігін көріп жатыр. Бір қызығы, неге екені белгісіз, ақысыз медициналық көмекке жүгінушілердің саны жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде күрт артып, келесі демалыстарға дейін жалғасады. Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған «Қазақстан халқына» қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады.
Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан «ардагерлер» пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді.

Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, «Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес».
Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті.
Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді.
Сол сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту дегенді көз алдарына елестете алмайды. Аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Мұны жақсы білесіздер. Талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер? Сондай-ақ шұжық, фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағам түрлерін мәзірден толығымен алып тастадық, қант пен тұз мөлшерін азайттық. «Гүлденген социализмнің» тұсында да мұндай қамқорлық болмаған.
Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек.
Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті.
Сонда ғана әділдік салтанат құрады. Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін.

Құрметті достар!
Әділетті, Қауіпсіз, Озық және Таза Қазақстанды құру – баршамыздың қастерлі парызымыз. Осы жолда бәріміз белсенді жұмыс істеуіміз керек. Қасиетті Отанымызды дамытудың бұдан басқа жолы жоқ. Бәріміз адал, шыншыл және жауапты да болуымыз қажет.
Кейбір уақытта байқалмай айтылған сөздердің зияны басқа әрекеттерге қарағанда әлдеқайда қауіпті болады. Соны ешқашан ұмытпаңыздар. Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар. Басқа Отанымыз жоқ. Еліміз аман болса, сіздер де, отбасыларыңыз да бақытты болады, төрт құбыламыз түгел болмақ. Қазақстанның күшті, мықты ел болғаны ең алдымен өзімізге қажет.
Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі. Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды. Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда, еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын!
Сондай-ақ мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен елімізде «Таза Қазақстан» бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айттым. Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады. Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр.
Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында! Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Баршаңызға амандық және сәттілік тілеймін!



