Туризмге тартылған инвестиция көлемі артты

Қарағанды облысында туризм саласына инвестиция тарту қарқын алып келеді. Жыл басынан бері өңірдегі туристік жобаларға 5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен шамамен бес есеге жоғары.

Жыл басынан бері облыста 14 туристік жоба жүзеге асырылды. Жаңа нысандар Балқаш пен Қарқаралы аудандарымен қатар, Бұқар жырау, Ақтоғай аудандарында және Теміртау қаласында іске қосылды. Олардың қатарында демалыс орындары, қонақүйлер, этноауылдар мен жол бойындағы сервистік кешендер бар.

Туризм саласына жаңа инвестиция тартуда аумағы 14 гектарды құрайтын «Balkhash» индустриялық аймағының да маңызы зор. Мұнда қажетті инженерлік инфрақұрылым жасалып, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Өңірде туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ. Жыл соңына дейін жалпы құны 2 миллиард теңгеден асатын тағы 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қарағанды облысы Туризм басқармасының басшысы Ирина Любaрскаяның айтуынша, биылғы көрсеткіш соңғы бес жылдағы ең жоғары нәтиже болып отыр.

– Бұл динамиканың соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап өту маңызды. Осы индикатор облыстың инвестициялық жоспарына енгізілген. Жеті айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы жоспар орындалды, дегенмен жұмыс әлі де жалғасуда. Инвесторлар үшін гидтер әзірленіп, әрбір өңірдің инвестициялық тартымдылығын таныстыратын бейнероликтер дайындалды. Жыл соңына дейін жалпы құны 2 миллиард теңгеден асатын тағы 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру күтілуде, – деді Ирина Любaрская.

 

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»