Қосымша білімге қолжетімділік артты
Қазақстанда мектеп оқушыларының қосымша біліммен қамтылуы артып келеді. Бүгінде ел бойынша 3,5 миллион бала, яғни оқушылардың 90 пайызы түрлі үйірме мен секцияға қатысады. Бұл бағытта 380 бағыт бойынша 132 мыңнан астам үйірме мен секция жұмыс істейді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олардың ішінде екі миллионнан астам бала қосымша білімді тегін алады. Мұндай мүмкіндік мемлекеттік қаржыландыру тетігінің енгізілуі арқылы кеңейіп отыр. Президенттің тапсырмасымен бұл жүйе 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде бір миллионнан астам оқушы спортпен, шығармашылықпен және басқа да бағыттармен тегін айналысу мүмкіндігіне ие болған.
Қарағанды қаласында балаларды үйірмелер мен секцияларға орналастыру және тіркеу OQU цифрлық платформасы арқылы жүргізіледі. Мұнда «бір бала – бір ваучер» қағидаты қолданылады. Яғни әр оқушы өзі таңдаған қосымша білім беру бағытына тегін қатысу үшін жеке ваучер алады.
Цифрлық жүйе ата-аналарға да қолайлы. Олар өтінімнің мәртебесін онлайн бақылап, кезегі келген жағдайда тиісті хабарлама алады. Бұл қосымша білім алуға бөлінген орындарды ашық әрі ыңғайлы тәртіппен бөлуге мүмкіндік береді.
Үйірме немесе секцияға тіркелу үшін ата-анадан өтініш, жеке куәлігінің көшірмесі, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, фотосурет және медициналық анықтама талап етіледі. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша растайтын құжаттар ұсынылады.
Қосымша білім беру – баланың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастырудың ғана емес, оның қабілетін ашып, қызығушылығын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік қолдау тетігі. Спортқа, өнерге немесе шығармашылыққа тартылған оқушы өзіне ұнайтын бағытты меңгеріп қана қоймай, жаңа ортаға бейімделіп, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырады.
Сондықтан мемлекет тарапынан тегін үйірмелер мен секциялардың қолжетімділігін арттыру – балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және олардың жан-жақты дамуына жасалған нақты қолдау. Қарағандыдағы ваучерлік жүйе осы мүмкіндікті отбасыларға барынша ыңғайлы түрде пайдалануға жол ашып отыр.

