Сөз сайысында сыналған білім

  «Bolashaq» академиясында «ТІЛ LOVE» интеллектуалдық байқауы өтті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен сайыс студенттердің білімін, тапқырлығы мен өнерін бір арнаға тоғыстырды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзін жоғалтқан халық өзі де жоғалады» деген тағылымды сөзі байқаудың негізгі идеясына айналды. Шараға қатысқан студенттер қазақ тілі бойынша білімдерін көрсетіп, өзара білім сайысына түсті. Байқауда Абай, Шәкәрім және Мағжан есімдері берілген командалар бақ сынады. Бірнеше кезеңнен құралған интеллектуалдық сайыс қатысушылардың тілдік сауаттылығын, ойлау жылдамдығы мен шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталды. «Тіл білгірі» және «Мақалды жалғастыр» кезеңдерінде студенттер Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен тіл біліміне қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Сөзден сөз құра» және «Тыйым салынған сөз» тапсырмаларында қатысушылар шапшаңдық пен тапқырлық танытты. Зияткерлік сайыс өнермен де өрнектелді. Көркемөнерпаздар сахнада Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» және «Қазағым» шығармаларын орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Құрманғазы Сембиевтің пікірінше, өз тілін қадірлеген халық өзге тілдерге де құрметпен қарайды. Академияда қазақ, орыс, ағылшын және түркі тілдерін қоса алғанда, барлық тілдерге құрметпен қарау басты ұстанымдардың бірі саналады. Байқауға қатысқан студенттер де мұндай шаралардың жастардың тілге деген қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті.

— Байқауға бес адамнан құралған командамызбен қатысып отырмыз. Дайындығымыз жақсы өтті, жүлделі орыннан үміттіміз. Бұл сайысқа жыл сайын қатысамын. Осындай байқаулар ай сайын ұйымдастырылса, жастар үшін өте пайдалы болар еді, -дейді «Bolashaq» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Жансұлу Дәулетхан.

Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, барлық командаларға сыйлықтар табысталды. «ТІЛ LOVE» интеллектуалдық байқауы жастардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, білім мен өнерді ұштастырған мазмұнды шара болды. Тілді құрметтеу және оны күнделікті өмірде кеңінен қолдану – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»