Қарағандылық оқушылар – халықаралық финалда

Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының төрт оқушысы Technovation Girls халықаралық IT-жобалар байқауының әлемдік финалына жолдама алды. Asian Sharks командасы SAMRUQ.AI жобасымен жоғары санат – Senior Division бойынша сынға түсетін Қазақстаннан жалғыз команда атанды.

Оқушылар әзірлеген жоба жерасты шахталарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге арналған. Команда мүшелері шешімді дайындау кезінде тау-кен өндірісінде кездесетін нақты тәуекелдер мен төтенше жағдайларды назарға алған.

SAMRUQ.AI – шахта ішіндегі ахуалды қадағалауға арналған оқу-инженерлік прототип. Жүйеде түрлі датчиктер, сымсыз байланыс, цифрлық платформа және жасанды интеллект технологиясы өзара үйлестірілген. Ол жерасты кеңістігіндегі микроклиматты, түтін мен түтінденуді, сондай-ақ дірілді бақылап, қауіп деңгейін саралауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер диспетчерге жедел түрде жеткізіледі.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – шахтаға кірген және одан шыққан жұмысшыларды автоматты түрде есепке алу мүмкіндігі. Бұл төтенше жағдай орын алған жағдайда жер астында қанша адамның қалғанын қысқа уақытта анықтауға жағдай жасайды.

Команда әзірлеген прототип 350-ден астам сынақ пен калибрлеуден өткізілген. Сонымен бірге жүйенің жұмыс қабілеті Қарағандыдағы жерасты оқу шахталарында екі мәрте тексерілді.

– Қолданыстағы қауіпсіздік жүйелерін зерделеу барысында бірнеше мәселені байқадық. Көп жағдайда олар апат орын алғаннан кейін ғана іске қосылады. Сонымен қатар опырылу немесе жарылыс кезінде істен шығуы ықтимал кабельдік байланысқа тәуелді. Мұндай жүйелердің бағасы 2 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Ал адамдарды қолмен түгендеуге 45 минутқа дейін уақыт жұмсалады. Бұған қоса дабылдардың кейбірі жалған болып шығады. Сондықтан біз қауіп-қатерді алдын ала анықтауды, ақпаратты сымсыз жеткізуді, адамдарды автоматты түрде санауды және жалған сигналдарды ажыратуды бір жүйеге біріктіруді көздедік. SAMRUQ.AI осындай мақсаттан дүниеге келді, – дейді команда капитаны Адия Шамелова.

Биыл Technovation Girls байқауына әлемнің 130 елінен 12 мыңнан астам қыз бала қатысты. Оның ішінде Үндістанның Бенгалуру қаласында өтетін халықаралық финалға 15 команда іріктеліп отыр.

Asian Sharks командасы соңғы сегіз жыл ішінде Senior Division санаты бойынша әлемдік финалға шыққан Қазақстанның алғашқы командасы атанды.

– Команданың жетістігі – тек халықаралық финалға жолдама алу емес. Бұл нақты мәселені анықтап, оны зерттеу, өз шешімін жасап, тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуге дейінгі үлкен жұмыстың нәтижесі. Қыздардың адам қауіпсіздігіне тікелей қатысты, өңір үшін өзекті тақырыпты таңдауы ерекше маңызды. SAMRUQ.AI жергілікті мәселеге арналған идеяның сапалы ізденіс пен еңбектің арқасында халықаралық деңгейге көтеріле алатынын көрсетеді, – дейді KINERGY қоғамдық қорының директоры Динара Әлімова.

Қазақстанда Technovation Girls бағдарламасы 2016 жылдан бері KINERGY қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асып келеді. Жобаға еріктілер мен менторлар қауымдастығы да атсалысады. Бағдарлама аясында қазақстандық оқушы қыздар технологиялық жобаларын жасап, кәсіпкерлік қабілеттерін жетілдіріп, өз идеяларын халықаралық ортада таныстыруға мүмкіндік алып келеді.

 

 

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»