Тіл үйренуге жаңа мүмкіндік

Қарағанды қаласындағы №5 қолданбалы бағыттағы білім беру мектебінде қазақ тілін зерттеуге және оқытуға бағытталған жаңа шығармашылық алаң – «Тілтаным» зертханасы жұмысын бастады. Жаңа жобаның тұсаукесері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылды.

Шараға білім саласының басшылары, қоғам өкілдері мен ұстаздар қатысып, мектеп қабырғасында тіл білімін дамытуға бағытталған жаңа бастаманың маңызын атап өтті.

«Тілтаным» зертханасы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Қарағанды облысының Құрметті педагогі» Ғазиза Смағұлованың бастамасымен қолға алынған. Жобаның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ана тілінің қадір-қасиетін терең түсіндірумен қатар, ұстаздар мен оқушылардың тілдік және зерттеушілік қабілетін дамытуға жағдай жасау.

Зертхананың ашылу салтанатында оқушылардың қатысуымен концерттік қойылымдар ұсынылды. Шара барысында қонақтар жаңа шығармашылық алаңның мүмкіндіктерімен танысып, арнайы экскурсияға қатысты.

Заманауи құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен жабдықталған зертхана оқушылар мен мұғалімдерге қазақ тілін терең меңгеріп қана қоймай, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда тілге қызығушылық танытқан оқушылардың ізденісін қолдап, шығармашылық жобалармен айналысуына жағдай жасалмақ.

– «Тілтаным» – тілге қызығушылықты арттырып, ізденуге мүмкіндік беретін орта. Мұнда ұстаздар мен оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа жобалармен айналыса алады. Басты мақсатымыз – ана тілімізді құрметтейтін, оны терең білетін ұрпақ тәрбиелеу, – деді ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова.

Алдағы уақытта зертхана базасында тілдік сайыстар, ғылыми конференциялар, шеберлік сағаттары мен түрлі танымдық жобалар өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар оқушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, ұстаздардың кәсіби ізденісіне де серпін бермек.

Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сабақтасып ашылған «Тілтаным» зертханасы осылайша қазақ тілін дәріптеп қана қоймай, оны зерттеуге, үйренуге және күнделікті қолданысын кеңейтуге бағытталған тұрақты шығармашылық орта қалыптастыруды көздейді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»