Мемлекеттік тілге деген қызығушылық артуда

1 қыркүйек – Білім күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы басталды. Қарағанды қаласындағы №16 жалпы білім беретін мектепте де алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар білім ордасына қайта оралды. Биыл мектеп үшін оқу жылының басталуы ерекше жаңалықпен есте қалды. Себебі өзге этнос өкілдерінің екі баласы алғаш рет қазақ тілінде білім беретін сыныпқа қабылданды.

Биыл Александр Кочетов пен Амина Волкова мектеп табалдырығын алғаш аттап, қазақ сыныбында білім алуды таңдады. Осыған орай оларға «Облыстық қазақ тілі мен мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігі атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Балаларға балалар жазушысы Жұпар Жақанның «Чипсы мен шибауырсақ» кітабы мен Абайдың «Сөздер» жинағы тарту етілді.

Бұл бастама – жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қазақ тілінде білім алу арқылы балалар тілді мектеп қабырғасында меңгеріп қана қоймай, ұлттық әдебиет пен мәдениетке жақындай түседі.

– Өзге этнос өкілдерінің балаларын қазақ тілінде білім беретін бірінші сыныпқа бере бастағанының куәсі болдым. Балаларға өз тілегімді айтып, балалар жазушысы ретінде «Чипсы мен шибауырсақ» атты кітабымды сыйға тарттым. Александр мен Аминаға ақ жол тілеймін! Алғашқы қадамдары сәтті болып, осы мектептен алған білімдері олардың білімді, мемлекеттік тілін құрметтеп, қадірлейтін, тәуелсіз Қазақстанның саналы азаматтары болып қалыптасуына септігін тигізсін, – деді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің меңгерушісі, балалар жазушысы Жұпар Жақан.

Биыл №16 мектептің бірінші сыныбына 113 бала қабылданып, алты сынып жасақталған. Жаңа оқу жылында оқушылардың білім алуымен қатар, олардың мектеп өміріне бейімделуіне де ерекше көңіл бөлінуде. Педагогтер әр баланың өзін жайлы сезінуіне және сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға басымдық беріп отыр.

– Биыл мектебімізде алты бірінші сынып ашылып, онда 113 бала білім алады. Ал 11-сыныптарда төрт сынып жасақталды: оның екеуі қазақ тілінде, екеуі орыс тілінде білім береді. Бұл сыныптарда барлығы 89 оқушы оқиды. Биыл 11-сыныптың алты түлегі «Алтын белгі» белгісіне үміткер. Барша оқушыға сәттілік тілеймін! Жаңа оқу жылымен құттықтаймын, – деді №16 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Раукен Мусабекова.

Мектепте жаңа оқу жылына арналған ауқымды жоспарлар да бар. Өткен жылы білім ордасының 35 түлегі мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Ұстаздар биыл да осы нәтижені жақсартуды мақсат етіп отыр.

Ал Александр мен Амина үшін бұл оқу жылы білім әлеміне басталған алғашқы қадам болмақ. Олардың қазақ сыныбын таңдауы – мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданысын кеңейтуге бағытталған осындай бастамалардың маңызын көрсетеді. Білім ордасындағы әрбір балаға тең мүмкіндік жасау, тіл үйренуге жағдай қалыптастыру және жас ұрпақты ел құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу – мектеп жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»