Оқушы денсаулығы – басты назарда

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі мектеп асханаларында оқушылардың тамақтануына қойылатын талаптар жаңартылды. Негізгі мақсат – балаларды қауіпсіз ғана емес, құнарлы әрі теңгерімді тағаммен қамтамасыз етіп, мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру.

Жаңа ас мәзірін әзірлеу барысында оқушылардың жасы мен физиологиялық қажеттіліктері ескерілген. Тұзы мен қанты жоғары өнімдердің үлесі азайтылып, көкөніс пен жемістерді көбірек ұсынуға басымдық берілді. Сондай-ақ шұжық және ысталған өнімдер мәзірден алынып, олардың орнына қышқыл сүт өнімдері, ауыз су, жеміс шайы және қант мөлшері төмен сусындар енгізілді.

Қарағандыдағы №14 мектеп-гимназиясының асханасында оқушылардың жеке тамақтану ерекшеліктеріне де көңіл бөлінеді. Мұнда баланың қажеттілігін анықтауға көмектесетін Face ID жүйесі қолданылады. Бұл технология арнайы диетаны қажет ететін оқушыларға сәйкес тағамды таңдауға мүмкіндік береді.

Мектеп асханаларындағы өзгеріс тек мәзірді жаңартумен шектелмейді. Балалардың қандай тағамды көбірек немесе аз тұтынатыны да сараланады. Осы мақсатта «желінбеу индексі» енгізілген. Оның көмегімен оқушылардың көңілінен шықпайтын немесе аз тұтынылатын тағамдар анықталып, ас мәзіріне қажетті түзетулер енгізіледі.

Қарағанды облысында бүгінде 71 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Олардың қатарында бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар бар. Бұл – оқушылардың дұрыс тамақтануына жағдай жасауға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау.

Жаңартылған талаптардың мәні – баланың күнделікті ас мәзірін пайдалы әрі қауіпсіз тағамдармен қамтамасыз ету. Өйткені дұрыс тамақтану оқушының денсаулығына ғана емес, оның оқу үлгерімі мен күнделікті белсенділігіне де әсер етеді.

– Жаңа мәзір балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттілігіне сай әзірленді. Негізгі мақсат – тұз бен қантты азайтып, пайдалы тағамдардың үлесін арттыру. Балалардың денсаулығына пайдалы, қауіпсіз және теңгерімді тамақтануды қамтамасыз ету – басты міндет, – деді Әлихан Бөкейхан ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сабыржан Қырғызалин.

Осылайша мектеп асханаларындағы жаңа тәсіл балалардың денсаулығын қорғауға, сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге және дұрыс тамақтану әдетін ерте жастан қалыптастыруға бағытталып отыр.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»