Жастардың зияткерлік ордасы
Қарағандыда жастардың кітап оқып, білімін жетілдіруіне және шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жаңа кітапхана ашылды. Заманауи кеңістік оқырманға әдебиетпен танысып қана қоймай, пікір алмасып, түрлі мәдени-ағартушылық шараларға қатысуға мүмкіндік береді.
Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың білімге, әдебиетке және шығармашылыққа қызығушылығын арттыру маңызды. Осы бағытта Қарағандыда жастарға арналған жаңа кітапхананың ашылуы қаладағы мәдени және зияткерлік ортаны дамытуға бағытталған кезекті бастама болды.
Жаңа кітапхананы құру бастамасын Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы көтерген. Жобаның негізгі мақсаты – жастарға кітап оқуға қолайлы жағдай жасау, оқырман мәдениетін қалыптастыру және олардың еркін пікір алмасуына мүмкіндік беретін ашық орта құру.
– Біз жастар кітап үшін ғана келетін емес, еркін араласып, кездесулер өткізіп, пікірталастар мен басқа да зияткерлік іс-шараларға қатыса алатын заманауи әрі ашық кеңістік құрғымыз келді, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Қабегенов.
Кітапхана қоры да жастардың қызығушылығына сай қалыптастырылған. Мұнда көркем және заманауи әдебиеттермен қатар, қазақстандық және шетелдік авторлардың шығармалары, тарих, мәдениет, өзін-өзі дамыту, құқық және кәсіпкерлік бағытындағы кітаптар бар. Әсіресе қазіргі қазақ әдебиетіне ерекше көңіл бөлінген.
Оқырмандар үшін арнайы оқу залы жабдықталған. Мұнда жастар өзіне қажетті әдебиетті асықпай оқып, білімін толықтыра алады. Кітапхана тек жастарға ғана емес, әдебиетке қызығушылық танытатын қала тұрғындарының барлығына ашық.
Жаңа кеңістіктің ерекшелігі – оның дәстүрлі кітапханадан өзгеше форматта жұмыс істеуінде. Мұнда кітап оқумен қатар, авторлармен кездесулер, кітап тұсаукесерлері, кітап клубтарының отырыстары, ашық пікірталастар және түрлі мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Біз кітапхананың жастар үшін нағыз кітап хабына айналғанын қалаймыз. Мұнда жазушылар мен ақындармен кездесулер, кітап тұсаукесерлері, кітап клубтарының отырыстары, ашық пікірталастар және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Біздің мақсатымыз – оқырмандарды, авторларды, сарапшыларды және әдебиетке қызығушылық танытатын барлық азаматтарды бір алаңға біріктіру, – деп атап өтті Аслан Қабегенов.
Мұндай орта жастардың тек кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Өз ойын еркін жеткізу, пікірталасқа қатысу, жаңа адамдармен танысу және түрлі жобалармен жұмыс істеу – жастардың қоғамдық белсенділігін арттыратын маңызды мүмкіндіктер.
Соңғы жылдары кітапханалардың қызметі де жаңа сипатқа ие болып келеді. Бұрын кітап оқып, әдебиет алуға арналған орын ретінде қабылданса, бүгінде кітапханалар білім, мәдениет пен шығармашылықты тоғыстыратын қоғамдық кеңістікке айналып келеді. Қарағандыда ашылған жаңа кітапхана да осы үрдістің бір көрінісі.
Мұнда жастар өз қызығушылығына қарай әдеби шығарма оқып, жаңа білім алып қана қоймай, шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға, пікірлес адамдармен кездесуге мүмкіндік алады. Ал тұрақты түрде ұйымдастырылатын әдеби және зияткерлік шаралар кітапхананың қаланың жастар ортасындағы белсенді мәдени алаңға айналуына жол ашады.
Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау – қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытуға қосылған инвестиция. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағандыдағы жаңа кітапхана – жастарға білім мен шығармашылыққа жол ашатын маңызды бастамалардың бірі.
Алдағы уақытта мұнда түрлі мәдени-ағартушылық жобалардың тұрақты өткізілуі жоспарланып отыр. Демек, жаңа кітап кеңістігі оқырман мен кітапты ғана емес, жастарды, авторларды, сарапшылар мен шығармашылық қауымдастықты бір арнаға тоғыстыратын ортаға айналмақ.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

