Қауіпсіз мектеп
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды облысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарын тексеріп, балалардың мектепке барып-қайту жолына да ерекше назар аударып отыр.
Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров мектептердегі қауіпсіздік жағдайын тексеру жұмыстарына жетекшілік етті. Арнайы инспекциялық топтар білім беру ұйымдарын аралап, қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауда.
Тексеру кезінде мектептердегі кіреберіс турникеттерінің жұмысы, бейнебақылау камералары мен дабыл түймелерінің жарамдылығы назарға алынды. Қауіпсіздік жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі – білім беру ұйымдарындағы тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.
Балалардың мектепке қауіпсіз жетуі де полицияның жіті бақылауында. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері мен көлік қозғалысы қарқынды жолдардың маңындағы жағдайға ерекше көңіл бөлінуде.
Облыстағы 420 мектептің 207-сі қозғалысы қарқынды автомобиль жолдарының маңында орналасқан. Сондықтан оқу жылы басталар алдында білім беру ұйымдарының айналасындағы жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Қазіргі таңда қауіпсіздік талаптарының орындалуына байланысты 350 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға 200 нұсқама беріліп, 20 ұсыныс жолданды. Анықталған кемшіліктердің барлығы 1 қыркүйекке дейін жойылуы тиіс. Полиция олардың орындалуын бақылауда ұстайды.
Мектеп қауіпсіздігі тек турникет пен бейнебақылау камераларымен шектелмейді. Баланың үйден шыққан сәтінен бастап мектепке жетуі, сабақтан кейін қауіпсіз түрде үйіне оралуы да назарда болуы қажет.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларға жолда жүру ережелерін үнемі түсіндіруге шақырады. Ал көлік жүргізушілері мектеп маңында жылдамдықты сақтап, жаяу жүргіншілерге барынша мұқият болуы тиіс.
Баланың қауіпсіздігі – бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл ретте ата-ана, мұғалім, полиция қызметкері, жүргізуші және жалпы қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана қауіпсіз орта қалыптасады.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы жұмыстардың басты мақсаты – оқушылар үшін қауіпсіз жағдай жасап, әр баланың мектепке алаңсыз барып, үйіне аман-есен оралуын қамтамасыз ету. Өйткені қауіпсіз мектеп – сапалы білім алудың да маңызды алғышарты.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

