Емханаға тіркелу тәртібі өзгерді

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап емханаларға жыл сайынғы тіркелу науқаны тоқтатылды. Енді азаматтар медициналық ұйымды жылдың кез келген уақытында ауыстыра алады. Алайда қайта тіркелуге жылына бір реттен артық рұқсат етілмейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа емханаға тіркелген азамат медициналық қызметті келесі жылдың қаңтарын күтпей-ақ, қайта тіркелгеннен кейінгі айдан бастап ала алады.

Сонымен қатар медициналық ұйымды таңдау кезінде аумақтық қағидат сақталады. Яғни азамат тек өзі тұратын аумақта орналасқан емханаға тіркеле алады. Бұл талап жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға да қатысты. Олар патронаждық қызметті нақты тұратын жері бойынша алады.

Студенттер мен курсанттарға қатысты тәртіп те өзгерді. Бұдан былай оларды оқу орны ректорының өтініші негізінде жаппай тіркеу қарастырылмайды. Студенттер мен курсанттар емханаға тіркелу рәсімін eGov порталы арқылы өздері жүзеге асырады.

Жаңа тәртіптің басты мақсаты – медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігін икемді ету және азаматтардың емхана ауыстыруына байланысты артық күтуді жою.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»