Жаңа Коституция жобасындағы білім мен ғылым мәселелері

Қабылданғалы отырған жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым мәселелеріне тың назар аударылып, зор мән беріліп отырғанын байқауға болады. Мұның басты себебі — келешек жастардікі екенінінің ескеріліп, жастардың білімді, білікті, өз елінің, Ұлтының шынайы патриоттары болып өсіп, қалыптасуларына деген қамқорлық екені ақиқат. Жобадағы бұл бағыттағы жұмыстар өзінің дұрыс нәтижесін, жемісін беретініне ешқандай күмән жоқ екенін ескерсек, ал мұның өзі жас ұрпақтың білім, ғылымға деген құштарлығының да одан әрі артуына бірден-бір демеу, себеп болатыны ақиқат.

Демек, бұл ұсыныс Қазақ Елінің жарқын болашағына де ген ауқымды, қайтымды инвестиция десек, еш қателеспейміз деп ойлаймын. Себебі Мемлекеттің де, қоғамның да өркендеп өсуі, қарыштап дамуы әрбір азамат, азаматшаның, оның ішінде жастардың білімділігіне, саяси сауаттылығына, кәсіби деңгейіне, бір сөзбен — Елін одан әрі дамыту үшін жарамды болып қалыптасуына тікелей байланысты екенініне айрықша көңіл бөлініп тұрғанын байқауға болады. Міне, осы бағыттағы жұмыстардың мүмкіндігінше жедел қолға алынып, жүзеге асуына барлық құзырлы ұйымның ықпал етуі қажет екендігіне де назар аударылып отыр.

Бүгінгі ғылымның тек қана заманауи жаңалықтармен, яғни инновациялармен байланысты екенін ескеретін болсақ, оны одан әрі дамыту да мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық бағыттарының бірі екенін айтуға болады. Мемлекет басшысының 2026 жылды жасанды интеллект және цифрландыру жылы деп жариялауының өзі осының нақты дәлелі екені анық.

2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған жаңа Конституция жобасын оқып танысу барысында, маған «Өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология» кафедрасының педагогы ретінде, тағы бір қағиданың болашақ үшін аса маңыздылығы байқалды. Ол 3 және 37 баптарда айтылған табиғатты қорғауға қатысты, яғни жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру туралы мәселелер. Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті деп көрсетілуі, яғни табиғатқа қамқорлық көрсетудің қаншалықты маңыздылығының, өзектілігінің Елдің, халықтың есіне салынуы. Демек, мемлекет адамның жақсы өмір сүруіне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды өзіне мақсат етеді. Ал адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілердің жасырылуы Заңға сәйкес жауаптылыққа алып келетіні де айтылған.

Бұл мәселе де жас ұрпақты жас кездерінен оқытып, үйретуді қажет ететін, үлкен тәрбиелік мәні бар, білім берудің заманауи үлгілерінің қатарына жататындығын айтуға болады.

Демек, 2026 жылдың 15 наурызында референдумға шығатын жаңа Ата Заңымыз — Конституцияның жобасы біздің Қазақ Елінде бірінші рет ғылым мен білім, заманауи инновацияның (жаңашылдықтардың) және оларды одан әрі дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын көрсетіп, білімді ұрпақ даярлауға даңғыл жол ашады деген үміттеміз.

Байжұма МАҚАШЕВ,
Әбілқас Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық унивеситетінің
қауымдастырылған
профессоры