«Мектеп формасы: сәннен бұрын – қауіпсіздік»
Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасын таңдауға кіріседі. Көп жағдайда киімнің түсі, үлгісі мен бағасына басты назар аударылады. Алайда балалардың күнделікті бірнеше сағат бойы киетін мектеп формасына қойылатын ең маңызды талаптардың бірі – оның қауіпсіздігі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған киімнің қауіпсіздігі Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолданылатын КО 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентімен реттеледі. Қазақстанда да осы техникалық регламенттің талаптары қолданылады. Бұл құжаттың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғау. Регламент өнімнің химиялық, биологиялық, механикалық және термиялық қауіпсіздігіне міндетті талаптар белгілейді.
Киімнің қауіпсіздігі қалай бағаланады?
КО 007/2011 ТР бойынша балалар киімі тек сыртқы көрінісіне қарап бағаланбайды. Арнайы зертханалық сынақтар арқылы оның бірқатар қауіпсіздік көрсеткіштері тексеріледі. Мысалы, мектеп жасындағы балаларға арналған екінші қабат киімдерінде материалдың гигроскопиясы, ауа өткізгіштігі, еркін формальдегид мөлшері және бояудың тұрақтылығы сияқты көрсеткіштер ескеріледі. Бұл талаптардың барлығы баланың киімі денеге жайлы болуы, тер мен ауа алмасуына кедергі келтірмеуі және материал құрамындағы зиянды химиялық заттардың белгіленген мөлшерден аспауы үшін белгіленген.
Гигроскопия мен ауа өткізгіштік не үшін қажет?
Ата-аналар үшін техникалық регламенттегі терминдердің мәнін түсіну де маңызды. Гигроскопия – материалдың ылғалды сіңіру қабілетін сипаттайтын көрсеткіш. Баланың мектепте ұзақ уақыт отыруы кезінде киімнің белгілі бір деңгейде ылғалды сіңіре алуы жайлылық үшін маңызды. Ал ауа өткізгіштік матаның ауа өткізу қабілетін көрсетеді. Бұл көрсеткіш киімнің астындағы ауа алмасуға байланысты.
Техникалық регламент тұрғысынан маңызды көрсеткіштердің бірі – еркін формальдегидтің мөлшері.
КО 007/2011 ТР- нің 5-бабында бірқатар балалар киіміне арналған тоқыма материалдарында еркін формальдегид мөлшері 20 мкг/г-нан аспауы тиіс екені көрсетілген. Бұл көрсеткішті ата-ана үй жағдайында анықтай алмайды. Сондықтан өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың болуы маңызды.
Киімнің түсі оңып кетпеуі де қауіпсіздік талаптарының бірі
КО 007/2011 ТР балалар киіміне қолданылатын тоқыма материалдарының бояуға тұрақтылығына да талап қояды. Бояудың тұрақтылығы киімнің жууға, терге және үйкелуге төзімділігі бойынша бағаланады. Әртүрлі киім қабаттарына байланысты рұқсат етілетін көрсеткіштер де өзгереді. Сондықтан арзан немесе қымбат болуына қарамастан, балалар киімінің сапасы тек матаның сыртқы түрімен бағаланбауы керек.
Таңбалануы – сатып алушы үшін маңызды ақпарат
Ата-аналар мектеп формасын сатып алғанда өнімнің таңбалануын міндетті түрде тексергені жөн. КО 007/2011 ТР -нің 9-бабына сәйкес өнімнің таңбалануы анық, оқылатын, тексеруге болатын және тұтынушыға қолжетімді болуы тиіс. Таңбалауда, атап айтқанда, өнім өндірілген ел, дайындаушының атауы мен орналасқан жері, импорттаушы немесе сатушы туралы ақпарат, бұйымның атауы, өндірілген күні және басқа да белгіленген мәліметтер көрсетілуі керек. Киімге қатысты таңбалау талаптары бұдан бөлек өнім туралы қосымша ақпаратты да қамтиды. Сондықтан ата-ана мектеп формасын аларда өнімнің жапсырмасын алып тастамай тұрып, ондағы ақпаратты мұқият оқып шыққаны дұрыс.
ЕАС белгісі нені білдіреді?
ТР ТС 007/2011 талаптарына сәйкес келетін және сәйкестікті бағалау рәсімінен өткен балаларға арналған өнім нарыққа шығарылған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай айналым белгісімен – EAC таңбалануы тиіс. Сондықтан ата-ана мектеп формасын таңдағанда өнімнің таңбалануына және сәйкестікті растайтын құжаттарына назар аударғаны жөн.
Ата-анаға қысқаша кеңес, мектеп формасын сатып алар кезде мына мәселелерді тексерген дұрыс:
- өнімнің таңбалануы бар ма?;
- өндіруші мен өндірілген елі көрсетілген бе?;
- бұйымның атауы және басқа міндетті ақпараттар жазылған ба?;
- өнімге сәйкестікті бағалау рәсімі жүргізілгенін растайтын құжат бар ма?;
- EAC белгісі қойылған ба?;
- матаның және астардың сапасына назар аударылған ба;
- киім баланың денесіне шақ па және күнделікті киюге ыңғайлы ма;
- өнімнің жапсырмасы мен таңбалануын сатып алғаннан кейін де сақтап қойған жөн.
Мектеп формасына қойылатын талаптарды тек киімнің түсі мен үлгісіне қатысты талаптар деп түсіну дұрыс емес. Балалар киімінің қауіпсіздігі – техникалық регламентпен белгіленген нақты талаптар жүйесі.
Қауіпсіз мектеп формасы – ортақ жауапкершілік!
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Г.С.ӨНЕРБЕКОВА,
бөлім басшысы

