Бала болашағына басталған жинақ
Қазақстанда балалардың болашақта сапалы білім алуына қаржылай мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған «Келешек» бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. Жоба ата-аналарға баланың білім алуына алдын ала қаражат жинауға жағдай жасап, мемлекеттік қолдауды жеке жинақпен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында осы жылдың алғашқы жартыжылдығында бес жасқа толған 15 085 баланың есепшотына бастапқы білім беру капиталы аударылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі 3,9 миллиард теңгені құрайды.
Бастапқы капиталдың мөлшері барлық қазақстандық балалар үшін 60 айлық есептік көрсеткіш – 259 500 теңге болып белгіленген. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін сома екі есеге артық.
Мемлекеттік қолдау мен ата-ана жинағы
«Келешек» бағдарламасының негізгі мақсаты – баланың жоғары білім алуына қажетті қаражатты ертерек жинақтауға мүмкіндік беру. Мемлекет бастапқы капиталды бала бес жасқа толған кезде есепшотқа аударады. Одан әрі жинақты сақтау және оны көбейту үшін ата-аналар депозитті жыл сайын толықтырып отыруы қажет.
Отбасылардың басым бөлігі үшін жыл сайынғы ең төменгі жарна 24 АЕК немесе 103 800 теңгені құрайды. Ал әлеуметтік осал санатқа жататын отбасылар үшін бұл талап екі есе төмендетіліп, 51 900 теңге болып белгіленген.
Жетім балалар үшін жыл сайынғы жарна енгізу міндетті емес. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал балалардың да білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қолдау шараларының бірі.
Білімге салынған инвестиция
Бағдарламаның ерекшелігі – мемлекет тарапынан берілетін бастапқы қаражат ата-аналардың жинағымен толықтырылып, баланың болашақ білім алуына қаржылық негіз қалыптастырады. Мұндай тәсіл отбасыларды баланың оқуына алдын ала дайындалуға ынталандырып қана қоймай, білім алуға байланысты шығындарды ұзақ мерзімде жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы жинақ қаражаты баланың жоғары білім алуына бағытталады. Осы арқылы мемлекет жас ұрпақтың білім алуына қолжетімділікті арттыруды және отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтуды көздеп отыр.
«Келешек» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін 29 мыңнан астам бала бастапқы білім беру капиталына ие болады деп күтілуде. Мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 7,5 миллиард теңгеге жетеді.
Бұл – баланың болашағына бүгіннен бастап қаржылық негіз қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жоба. Мемлекеттік қолдау мен отбасының жүйелі жинағы қатар жүрген жағдайда, жас қазақстандықтардың білім алуына қажетті мүмкіндіктерді алдын ала қамтамасыз етуге жол ашылады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

