Ұлттық мәртебе – жаңа белестің бастауы
Қарағандыдағы Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті үшін биылғы жыл айрықша мәнге ие. Білім ордасының ұлттық мәртебе алғанына бір жыл толуына орай университет ұжымы айтулы датаны ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған этно-тимбилдинг форматында атап өтті.
Шараның басты мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін кеңінен насихаттау, сондай-ақ университет ұжымы арасындағы ынтымақ пен өзара байланысты нығайту. Ұлттық құндылықтар заманауи форматта ұсынылып, қатысушылар түрлі ойындар мен танымдық сайыстарға белсенді қатысты.
Университетке ұлттық мәртебе Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген болатын. Бұл шешім оқу орнының білім мен ғылым саласындағы әлеуетін айқындайтын маңызды қадам болды. Бір жыл ішінде университет жаңа мәртебесіне сай даму бағыттарын айқындап, білім беру мен ғылыми зерттеулерді жетілдіруге, қоғамдық бастамаларды дамытуға басымдық беріп келеді.
– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұжымның бірлігін нығайту. Университетімізге ұлттық мәртебе берілгеніне бір жыл толып отыр. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа мүмкіндіктерге бастайтын маңызды белес. Сондықтан осы айтулы датаны салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұжым мүшелерін бір арнаға тоғыстыратын форматта атап өтуді жөн көрдік, – деді Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ербол Сармурзин.
Этно-тимбилдинг барысында қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты танымдық сайыстарға қатысып, ұлттық ойындардан бақ сынады. Әр кезең ұжым мүшелерінің белсенділігін арттырып қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты күшейтуге бағытталды.
Ұлттық ойындар мен түрлі жарыстар барысында университет ұжымының ұйымшылдығы мен шығармашылық қабілеті де көрінді. Мерекелік бағдарламаның мазмұнын концерттік қойылымдар толықтырды. Кеш барысында композитор әрі әнші Ұлықпан Жолдасов өнер көрсетіп, университеттің шығармашылық ұжымы да өз өнерлерін ұсынды.
Ұлттық мәртебе – университет үшін тек атақ емес, үлкен жауапкершілік. Білім ордасы алдағы уақытта ғылым мен білімді дамыту, жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру үдерісімен ұштастыру жұмыстарын жалғастырмақ.
– Бұл, ең алдымен, үлкен жауапкершілік. Ұлттық мәртебе университеттің тарихы мен ғылыми әлеуетін жаңа деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Біз білім мен ғылымды дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де ерекше мән береміз. Ұлттық құндылықтарды тек дәріс немесе ресми жиын арқылы емес, осындай еркін форматта да насихаттауға болады. Салт-дәстүр мен ұлттық ойындар арқылы ұжым мүшелері бір-бірімен жақынырақ араласып, ортақ құндылықтардың айналасына топтасады. Бізді үлкен жобалар мен жаңа бастамалар күтіп тұр. Ұлттық мәртебеге ие болу – жұмыстың аяқталғанын емес, керісінше жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді, – деді Ербол Сармурзин.
Білім мен ғылымды дамыту, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және университеттің қоғамдық миссиясын күшейту – жаңа кезеңдегі негізгі бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық мәртебеге ие болғанына бір жыл толуы білім ордасы үшін өткенді саралап қана қоймай, алдағы мақсаттарға жаңа серпін беретін маңызды белес болды.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

