Балабақша кезегі қысқарды ма?
Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласында жаңа қаржыландыру тетігі енгізіліп, балабақша кезегін қысқартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – ваучерлік қаржыландыру жүйесі.
Жаңа жүйенің негізгі ерекшелігі – мемлекеттік қаржы нақты бір балабақшаға емес, баланың өзіне бағытталады. Бұл тәсіл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және ата-аналарға балабақшаны таңдауға мүмкіндік береді. Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы нақты бір мектепке дейінгі ұйымға бекітілетін. Алайда мұндай тәсіл кей жағдайда нақты сұраныс пен бөлінген қаражаттың арасында сәйкессіздік туындатқан. Нәтижесінде жалған контингент қалыптасып, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалу қаупі артқан. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінде бұл тәсіл өзгерді. Ата-анаға баланың балабақшадағы орнын төлеуге арналған ваучер беріледі. Алайда қаражат ата-ананың қолына берілмейді. Мемлекет баланың өзі қабылданған мектепке дейінгі ұйымға төлемді тікелей жүзеге асырады. Яғни ата-ана балабақшаны таңдайды, ал мемлекеттік қаржы бала барған ұйымға бағытталады. Жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы – ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымды таңдау мүмкіндігі. Бұл ретте қаржыландырудың нақты балаға тәуелді болуы балабақшалар арасындағы бәсекелестікті арттыруға да ықпал етеді. Өйткені ата-ана баласына қолайлы ұйымды таңдауға мүмкіндік алады. Жаңа тетік ең алдымен балабақшадағы орындардың қолжетімділігін арттыруға және кезекте тұрған балалардың санын азайтуға бағытталған. Ваучерлік жүйеде қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта тәуекелдерді басқару механизмі іске қосылған. Бұл жүйе ұсынылған мәліметтерді тексеруге, ықтимал заңбұзушылықтарды анықтауға және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба нәтижесінде 35 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген. Бұл – мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға бағытталған жаңа тәсілдің маңызды нәтижелерінің бірі. Үнемделген қаражат есебінен қосымша ваучерлер беру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде балабақшаға кезекте тұрған балалардың санын одан әрі азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім беру саласындағы қаражатты бөлу тәсілін өзгертіп қана қоймай, ата-аналарға қосымша таңдау мүмкіндігін ұсынып отыр. Ең бастысы – мемлекеттік қаржыландыруды нақты балаға бағыттау арқылы балабақша орындарының қолжетімділігін арттыру.
— Жаңа жүйеде мемлекеттік қаржы нақты бір мектепке дейінгі ұйымға емес, нақты балаға бағытталады. Ата-анаға баланың балабақшадағы орнын төлеуге арналған ваучер беріледі. Қаражат қолма-қол берілмейді, мемлекет баланың өзі қабылданған балабақшаға төлем жасайды. Ата-аналар мектепке дейінгі ұйымды өздері таңдай алады. Бала қай балабақшаға қабылданса, қаржы сол ұйымға аударылады. Бұл ата-аналарға таңдау еркіндігін береді. Пилоттық жоба барысында бюджет қаражатын 35 миллиард теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік болды. Үнемделген қаражат есебінен қосымша ваучерлер беру жоспарланып отыр. Негізгі мақсатымыз – балабақша кезегін қысқартып, қаржыландырудың тиімділігін арттыру, -дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің директоры Гүлнар Искакова.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

