Санитариялық бақылау жүйесі цифрлық форматқа көшті
Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесі толықтай цифрлық және тәуекелдерді бағалау қағидатына негізделген жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұл өзгеріс бақылау-қадағалау шараларының тиімділігін арттырып, тексерулердің ашық әрі нақты жүргізілуіне мүмкіндік бермек.
Қазіргі таңда бірыңғай ақпараттық жүйеге еліміздегі 202 мыңнан астам бақылау нысаны енгізілген. Олардың қатарында білім беру ұйымдары, медициналық мекемелер, қоғамдық тамақтану орындары және басқа да санитариялық талаптардың сақталуы маңызды нысандар бар. Барлық ақпараттың бір жүйеде жинақталуы деректердің қайталануын болдырмай, бақылау үдерісін жеңілдетті. Жаңа тәсіл бойынша тексерулер кездейсоқ емес, тәуекел деңгейі жоғары нысандарға ғана жүргізіледі. Бұл кәсіпкерлерге түсетін артық әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекеттік бақылаудың нәтижелілігін арттыруға бағытталған. Жылдың алғашқы алты айында цифрлық жүйе кәсіпорындардан келіп түскен 13 мыңнан астам есепті автоматты түрде өңдеп, 4 800-ге жуық ықтимал заңбұзушылықты анықтады. Арнайы алгоритмдердің көмегімен тәуекелдер дер кезінде айқындалып, адам факторына тәуелділік айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар вакцинациялау және зертханалық қызметтердің негізгі процестері де толық автоматтандырылды.
Енді азаматтар мобильді қосымшалар арқылы өздерінің денсаулығына қатысты мәліметтерді, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі ақпаратты оңай ала алады. Бұл мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде санитариялық бақылау жүйесін Құқықтық статистика жүйесімен ықпалдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың ашық рейтингі іске қосылады. Оның нәтижесінде әрбір азамат кәсіпорындар мен мекемелердің қауіпсіздік деңгейімен танысып, саналы таңдау жасау мүмкіндігіне ие болады. Мамандардың айтуынша, цифрландыру бақылау жүйесін барынша тиімді етіп қана қоймай, халық пен бизнес үшін түсінікті әрі қолжетімді жаңа басқару үлгісін қалыптастырады.
– Цифрлық технологияларды енгізу санитариялық бақылау жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта ақпараттық жүйелердің интеграциясы кеңейіп, азаматтар санитариялық қауіпсіздік туралы мәліметтерді бұрынғыдан да қолжетімді түрде пайдалана алады, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рахимжанова.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

