Ғарышқа жол ашқан тұлға

Қазақстанның Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Қарағанды облысына арнайы сапармен келді. Аймақ тұрғындары ел мақтанышын ерекше құрметпен қарсы алып, «Ғарышты бағындырушылар» мемориалында өткен тағзым ету рәсіміне қатысты.

Қарағанды өңірінің ғарыш тарихында алар орны ерекше. Кеншілер өлкесі талай ғарыш сапарларының куәсі болды. Әлемдік ғарыш бағдарламалары аясында орбитаға көтерілген көптеген экипаждың Жерге қону нүктесі осы аймақпен байланысты. Ғарышкерлер ұзақ сапардан кейін алғашқы медициналық тексеруден өтіп, оңалту кезеңдерін де Қарағанды жерінде өткізген. Сондықтан өңір тұрғындары үшін ғарышты игеру тарихы мен ғарышкерлер тағдыры әрдайым жақын.

Сапар барысында Тоқтар Әубәкіров бастаған делегация «Ғарышты бағындырушылар» мемориалына барып, адамзаттың ғарышты игеру ісіне үлес қосқан тұлғалардың рухына тағзым етті. Халық Қаһарманы ескерткішке гүл шоғын қойып, ғарыш саласының дамуына еңбек сіңірген азаматтарды құрметпен еске алды.

Салтанатты шараға Қарағанды гарнизонының 120 әскери қызметшісі, Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 ардагері және 10 интернационалист-жауынгер қатысты. Олар мемориалдың орталық аллеясында сап түзеп, тұңғыш қазақ ғарышкерін үлкен құрметпен қарсы алды.

Жиында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Бағлан Өсербаев Тоқтар Әубәкіровтің ел тарихындағы ерекше орнына тоқталды.

– Тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатқан біртуар азамат ретінде Сіздің есіміңіз халқымыздың тарихында алтын әріппен жазылды. Сіз адамзат үшін қолжетпестей көрінген ғарыш кеңістігін бағындырып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырдыңыз. Қазақстанды әлемге танытып қана қоймай, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Халық Сізді тек әйгілі ғарышкер ретінде ғана емес, мемлекетшіл тұлға, қоғам қайраткері және нағыз отансүйгіш азамат ретінде құрметтейді. Сіздің ерлігіңіз бен өмір жолыңыз кейінгі ұрпаққа еңбек пен табандылықтың үлгісі болып қала береді, – деді Бағлан Өсербаев.

Кездесу барысында Тоқтар Әубәкіров Қарағанды жұртшылығына көрсетілген құрмет пен жылы ықылас үшін ризашылығын білдірді.

– Мерейтой қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардақты ағаларымыз бен құрметті қонақтарды көріп, ерекше толқып тұрмын. Кеншілер өлкесінің қонақжайлығы мен ыстық ықыласына шын жүректен алғыс айтамын. Үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі. Осындай тағылымды кездесуді ұйымдастырған баршаңызға ризамын, – деді Халық Қаһарманы.

Ол ғарышты игеру тарихында адамзатқа жол ашқан тұлғалардың еңбегіне тоқталып, алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің есімі бүкіл әлемге ортақ екенін атап өтті.

– Бүгін адамзатқа ғарыштың есігін ашқан Юрий Алексеевич Гагариннің ескерткіші алдында тұру мен үшін үлкен толқыныс. Оның есімін әлемдегі әрбір адам біледі. Гагарин салған сара жолдың арқасында әр елдің ғарышкерлері мен астронавттары үлкен құрметке ие болды. Біз де ғарышқа халықтың сенімі мен қолдауының арқасында көтерілдік. Бұл тек бір елдің жетістігі емес, бүкіл адамзаттың игілігіне бағытталған ортақ еңбек, – деді Тоқтар Әубәкіров.

Халық Қаһарманы қазіргі таңда да ғарыш саласының бейбітшілік пен ғылымды дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

– Әлемде түрлі саяси өзгерістер болғанымен, ғарыш саласының басты мақсаты өзгерген жоқ. Бүгінде халықаралық ғарыш станциясында әртүрлі мемлекеттердің өкілдері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Себебі ғарышта араздыққа емес, бейбітшілікке, достыққа және ғылымға орын бар. Ғарыш зерттеулері адамзаттың болашағына қызмет ететін маңызды бағыт болып қала береді, – деді ол.

Тоқтар Әубәкіровтің Қарағандыға сапары – тек тарихи тұлғамен кездесу ғана емес, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беретін тағылымды шараға айналды. Қазақ елінің атын әлемге танытқан ғарышкердің өмір жолы – мақсатқа ұмтылу, білім мен еңбектің арқасында биік белестерді бағындырудың жарқын үлгісі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»