Жылыту маусымына дайындық: энергетика нысандары жаңартылады
Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Энергетика саласындағы нысандарды жаңғырту мен жөндеуге биыл 384 миллиард теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары өткен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталған. Энергетиктер бір жыл ішінде 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткізді.
Сонымен қатар электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мамандар шамамен 17 мың шақырым электр беру желілерін тексеріп, жаңғыртты. Ал 323 шақырым тозған жылу желісі ауыстырылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылу электр орталықтары жабдықтарының орташа тозу деңгейі 53 пайызға дейін, ал жылу желілерінің тозуы 50 пайызға дейін төмендеген.
Дегенмен, кейбір жылу-электр орталықтары әлі де ерекше бақылауда тұр. Олардың қатарында Теміртаудағы №2 жылу электр орталығы да бар. Бұл нысанның тұрақты жұмысы қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін маңызды.
Мамандардың айтуынша, жылыту маусымына дайындықтағы басты міндет – энергия нысандарының сенімділігін арттыру, апаттардың алдын алу және халыққа тұрақты жылу жеткізуді қамтамасыз ету.
Алдағы кезеңде тәуекел аймағындағы нысандардың жағдайы бақылауда болып, қажетті техникалық шаралар жалғасады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

