Сегіз жастағы суретшінің сырлы әлемі

Қарағандыда сегіз жастағы Виталина Дюбецтің жеке көрмесі ашылды. «Виталинаның сырлы бояулары» атты шығармашылық кеште жас суретшінің 156 еңбегі көпшілік назарына ұсынылды. Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, кино актрисасы және шығармашылық жобалардың авторы атанған бүлдіршіннің жетістігі көпшілікке үлгі боларлық.

«Алтын ғасыр» көрме залында ерекше дайындық жүріп жатыр. Қабырғада түрлі түсті бояулармен салынған картиналар ілінген. Әр туындының артында баланың қиялы, еңбегі мен ізденісі жатыр. Ал олардың авторы – сегіз жастағы Виталина Дюбец бұл сәтті үлкен толқыныспен қарсы алуда.

Көрмеге қойылған 156 жұмыстың әрқайсысы жас суретшінің шығармашылық әлемінен сыр шертеді. Виталина сурет салуды небәрі төрт жасында бастаған. Алғашқы қадамынан кейін оның бойындағы өнерге деген қызығушылық үлкен жетістіктерге ұласты.

– Картиналар өте көп. Қанша сурет салғанымды бірнеше рет санап көрдім, тіпті шатасып кеттім. Үлкен картиналарды екі-үш күнде, кішкентайларын бір сағатта, ал орташа жұмыстарды шамамен екі сағатта саламын. Ешқашан қорықпау керек. Қолға қағаз бен қарындаш алып, жүрегің қалаған нәрсені салсаң, бәрі де қолыңнан келеді, – дейді жас суретші Виталина Дюбец.

Виталина шығармашылық жолын ерте бастаған. Төрт жасынан сурет салуға ден қойса, бес жасында Британдық бейнелеу өнері байқауында жеңіске жетіп, оның жұмыстары Лондонда өткен көрмеге қойылған. Бүгінде жас дарынның қоржынында көптеген халықаралық марапат бар.

Сурет салу – Виталинаның жалғыз қызығушылығы емес. Ол ән айтады, көркемсөзбен айналысады, балаларға арналған радиобағдарлама жүргізеді, сондай-ақ сурет салу бойынша бейнесабақтар түсіреді.

Жас дарын сахна мен камера алдында да өзін еркін сезінеді. Ол актерлік қабілетін сынап, Жан Байжанбаевпен бірге «Даналық сабақтары» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған.

– Бала кезімнен сахнада өнер көрсеткенді жақсы көремін. Камерадан қорықпаймын, себебі ол маған бұрыннан таныс. Киноға түсу де қиын болған жоқ. Камера алдында өзімді еркін ұстаймын, – дейді Виталина.

Жас суретшінің шығармашылыққа деген талпынысын ата-анасы да қолдап келеді. Анасы Анастасия Селезень қызының барлық ісіне үлгеріп жүргенін айтады.

– Барлығына үлгеруге болады. Ең бастысы – уақытты дұрыс жоспарлау. Бала әлі көп нәрсені үйреніп келеді, біз оған бағыт береміз. Қазір ол өзіне қызықты дүниелермен айналысады. Сурет салуға отырғанда бар ынтасымен кіріседі, ештеңеге алаңдамайды, – дейді Анастасия Селезень.

Көрмеде тек картиналар ғана емес, жас суретшінің қолынан шыққан түрлі шығармашылық бұйымдар да ұсынылған. Мұнда гипс, балшық және ағаштан жасалған магниттер, ұлттық киімдегі ойыншықтар мен авторлық брелоктарды көруге болады.

Виталина көрмеге келген қонақтарға өз өнерін көрсетіп қана қоймай, шығармашылық үдерістің бір бөлігіне айналдырды. Ол арнайы фотобұрышта келушілердің портретін салып береді.

– Адам менің қарсыма отырады, мен оның суретін саламын. Бұл көрмеде мен тек өз картиналарымды көрсетіп қана қоймай, адамдарға өз қолыммен жасаған сыйлықтарымды да ұсынғым келеді, – дейді жас суретші.

Көрме аясында балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтары, байқаулар, аквагрим және түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Қонақтар лотереяға қатысып, сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.

Шарадан түскен қаражат Виталинаның Жан Байжанбаевпен бірге киноға түсуі туралы жазған кітабын басып шығаруға бағытталады. Көрме залында осы болашақ кітаптың алғашқы иллюстрациялары да қойылған.

Виталина үшін шығармашылық – тек сурет салу емес, жаңа идеяларды жүзеге асыратын, қиялын дамытатын ерекше әлем. Оның әрбір туындысы кішкентай суретшінің үлкен арманын көрсетеді.

Бүгінгі сегіз жасар дарын иесі – ертеңгі үлкен өнер иелерінің бірі болуы мүмкін. Ең бастысы, оның бойындағы еңбекқорлық, ізденіс және өз ісіне деген сүйіспеншілік жас ұрпаққа жақсы үлгі болып отыр.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»