Бас жүлде — Қарағандыда
Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері Жанат Жаңқашұлы Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада бас жүлдені жеңіп алды. Абай облысының Аягөз ауданында өткен жыр бәйгесінде ақынға бас жүлде ретінде автокөлік табысталды.
«Ерлікті, елдікті жырлаған – Ақтамберді» атты республикалық мүшәйра қазақтың даңқты жырауы Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты жыраудың әдеби мұрасын, елдік идеясын және ерлік рухын кеңінен насихаттау болды. Елдің барлық өңірінен 160 ақын өз шығармаларын ұсынып, үздіктердің есімін тәжірибелі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы анықтады.
Қазылар алқасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жетекшілік етті. Байқаудың басты ерекшелігі – мүшәйраға бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалардың ғана қабылдануы. Сонымен қатар барлық туынды авторлардың аты-жөні көрсетілмей, жабық тәртіппен бағаланды. Бұл шығармаларды әділ саралауға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде Жанат Жаңқашұлының «Күбір» атты өлеңі үздік деп танылып, бас жүлдеге лайық болды. Ақынның туындысында Ақтамберді жырау өмір сүрген дәуірдің күрделі кезеңдері, азаттық жолындағы күрес, елдік рух пен ұлттық мұрат бүгінгі ұрпақтың дүниетанымымен көркем сабақтастықта өрілген.
Жанат Жаңқашұлы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақындардың бірі. Ол 1987 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Сарыобалы ауылында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика факультетін тәмамдаған. «Тәңір таңбасы» және «Ойтамған» жыр жинақтарының авторы. Әр жылдары республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың жеңімпазы атанып, Ғабдолла Тоқай атындағы халықаралық түркі әлемі жас ақын-жазушылары фестивалінің дипломанты болды.
Ақынның шығармашылығы 2023 жылы мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланып, «Көзімнен сүй, көбелек» атты өлеңдер топтамасы үшін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының «Үздік поэзия» аталымын жеңіп алды. Кейін мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Қазір ол Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалын басқарып, өңірдегі әдеби ортаның дамуына белсене үлес қосып келеді.
Жерлес ақынымызды айтулы жеңісімен құттықтап, шығармашылық шабыт пен жаңа табыстар тілейміз.
Ақынның «Ерлікті, елдікті жырлаған – Ақтамберді» атты республикалық мүшәйраға жолдаған өлеңін ұсынамыз:
КҮБІР
Әлемнің қараңғы бұрыштарында біреулер күбірлеседі,
Айқайлағаннан гөрі күбірлескендер түбінде өседі.
«Мұртымыз көкке шаншылып» қашан сөйлейміз?
Бұл күбір біз түгіл тұтас жұрттардың тілін кеседі.
Тас қалалардың көлеңке басқан кеңселерінде,
Қаралы қағаздар жазып жатады өңшең өлімге.
Күніңді солар шотқа салады,
Мөрі де дайын, көрі дайын өлсең көмуге.
Әлемнің құпия бөлмелерінде қара кісілер,
Үнсіз кеңесер, қанменен бірге шарап ішілер.
Адамзатты шідерлеп алған –
Коммунистік шідер,
Семиттік шідер,
арабы шідер.
Көлеңкелі жерлерде қарғадай қарқылдағаны,
Сайқымазақтың түбі бұл сарқылмағаны –
Жүйкеңді жесе де сөйлей алмайсың,
Сөйлемегенің ал тыңдалады!
Сөйлемеген соң тыныштықты күбір бұзады,
Кеңселердегі күбірден ығырмыз әлі.
Әлем жарылып кетсе де үндемейміз,
Үнсіздік адамзаттың түбірсіз заңы.
Әлемнің қараңғы бұрыштарында біреулер сыбырласады,
Айқайлағысы келгеннің аузын ашып, тілін басады.
Ақтамбердінің арманын ыңылдап айтып,
Сөйлейін десем сұрым қашады.
Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінбей,
Күбір де күбір сөздерден түнердім ылғи,
Ақтамбердінің арманы жоқ қой,
Біз жүрміз,
коммунистік,
Семиттік,
арабы шідерді үзбей.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

