Фёдоров су қоймасы – қарағандылықтардың сүйікті демалыс орны

Жаздың аптап ыстығында Қарағанды тұрғындарының басым бөлігі қаладан алысқа шықпай-ақ табиғат аясында тынығуды жөн көреді. Соңғы жылдары абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде қаладағы демалыс орындарының жайлылығы артып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалып келеді. Солардың бірі – Фёдоров су қоймасы. Бүгінде бұл аумақ тек қарағандылықтардың ғана емес, өзге өңірлерден келетін қонақтардың да сүйікті демалыс орнына айналған.

Тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы көмір өндірісімен байланысты бұл аумақ бүгінде өңірдің стратегиялық су қоры ғана емес, қала тұрғындары үшін қолжетімді әрі жайлы демалыс аймағы ретінде танылып отыр. Әсіресе демалыс күндері жағажайға келушілердің қарасы қалың.

Қарағандыдағы демалыс орындарының тартымдылығы артып келе жатқанын өзге қалалардан келетін қонақтар да атап өтеді. Биыл жазда Фёдоров су қоймасына арнайы Астана қаласынан келушілердің саны көбейген.

– Бұл жердің өте жақсы екенін, суы таза, жағажайы жайлы әрі қауіпсіз екенін естіп, арнайы демалуға келдік. Астанада мұндай қолайлы әрі таза су айдындары аз. Сондықтан Қарағандыға келуді жөн көрдік, – дейді Астана қаласының тұрғыны Сәуле Жаныспаева.

Қала тұрғындары да соңғы жылдары су қоймасы маңындағы өзгерістерді оң бағалайды. Жағажай аумағында тазалыққа ерекше көңіл бөлініп, қоқыс жәшіктері орнатылған, еріктілер тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырады. Мұның бәрі тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.

– Қарағандыда осындай демалатын орынның болғаны өте жақсы. Осындай табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтап, таза ұстау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – дейді қала тұрғыны Надежда Биньковская.

Жағажайда демалушылардың пікірінше, Фёдоров су қоймасы бүгінде жазғы демалысты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін ең қолайлы орындардың біріне айналған. Су айдынының тазалығы мен табиғаты көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері демалыс маусымында судағы қауіпсіздік шараларын күшейткен. Құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Фёдоров су қоймасы – Қарағанды қаласындағы ең таза су айдындарының бірі. Дегенмен оның тереңдігі кей жерлерде 45 метрге дейін жетеді. Сондықтан тұрғындарды тек рұқсат етілген аумақтарда шомылып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз, – дейді ТЖД жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары Алмас Қарсыбеков.

Қалада демалыс орындарын дамыту, олардың санитарлық жағдайын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соның нәтижесінде Фёдоров су қоймасы бүгінде қарағандылықтардың ғана емес, өзге өңір тұрғындарының да қызығушылығын тудырып отырған туристік әрі рекреациялық орындардың біріне айналды. Табиғаты көркем, суы таза, қолжетімді жағажайы бар бұл демалыс аймағы жаз мезгілінде қала тұрғындарының сүйікті мекені ретінде өз мәртебесін нығайтып келеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»