Болашақ мамандар алаңы

Теміртау қаласында «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық студенттер форумы өтті. Екі күнге созылған ауқымды шара білім беру ұйымдары, бизнес өкілдері мен халықаралық серіктестер арасындағы еркін пікір алмасу алаңына айналды. Форумға Қазақстанның әр өңірінен келген колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сарапшылар және Қытай Халық Республикасынан арнайы делегация қатысты.

Шараның басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамыту және халықаралық әріптестікті нығайту болды.

Республикалық форумның шымылдығы Теміртау жоғары политехникалық колледжінде өткен студенттік инновациялық жобалар көрмесімен ашылды. Биылғы кездесу Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай ұйымдастырылды.

Форум үйлестірушісі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі директорының оқу-әдістемелік бірлестік жөніндегі орынбасары Евгения Иванованың айтуынша, жоба жыл сайын кеңейіп келеді.

–Теміртау жоғары политехникалық колледжі өз алаңында «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық студенттік форумының қонақтарын қабылдады. Бұл форум біздің колледж үшін жақсы дәстүрге айналды. Үшінші жыл қатарынан еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды. Биыл бізге 9 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан өкілдер келді. Мұндай форумдар студенттердің тек теориялық білімін ғана емес, практикалық қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – жастар жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, болашақ мамандығына қажетті талаптарды ерте түсіне бастайды. Бұл олардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуына ықпал етеді, – дейді ол.

Көрмеде студенттердің технологиялық және цифрлық жобалары ұсынылды. Химия бағыты бойынша жас мамандар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын таныстырды.

Стефания Лейс жобаның экологиялық маңызын атап өтті.

– Біз бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырдық. Қолжетімді әрі тиімді абсорбенттерді қолдандық. Олар арзан және өндірісте қолдануға ыңғайлы, – дейді ол.

Тағы бір жоба тарихи мұраны цифрландыруға арналды. Студенттер Қарағанды өңіріндегі қасиетті орындардың 3D моделін жасап, оны қолжетімді форматта ұсынды.

Даниил Кульмагамбетов бұл жобаның маңызын былай түсіндірді:

– Бұл біздің ерекше жобамыз. Мұндай формат бұрын болған жоқ. Оны оқу барысында да, өз бетімізше де қолдануға болады. Форум біз үшін үлкен тәжірибе болды, – дейді студент.

Форум барысында Қытай Халық Республикасынан келген Чанпин колледжінің делегациясы да сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Чанпин колледжінің директоры Ен-Чу Чин Қазақстанмен әріптестіктің болашағы зор екенін айтты.

– Теміртау – Қазақстанның «болат жүрегі». Халықаралық стандарттарға сай мамандарға сұраныс жоғары. Қазақстан мен Қытай колледждерінің серіктестігі үлкен мүмкіндік береді, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумдар студенттердің кәсіби бағдарын айқындап, олардың еңбек нарығына бейімделуіне жол ашады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»