Жаңа өмірге қадам: Қарағандыда сотталғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары күшейтілуде
Қарағанды қаласында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, еңбекпен қамту және қайта қылмысқа барудың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта №32 әйелдер мекемесінде алдағы уақытта бостандыққа шығатын сотталғандарға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, құжаттарды рәсімдеу және пробация қызметінің мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, бас бостандығынан айырылған азамат үшін ең жауапты кезең – бостандыққа шыққаннан кейінгі алғашқы айлар. Дәл осы уақытта тұрақты жұмыс пен баспананың болмауы, әлеуметтік байланыстардың үзілуі немесе құжат мәселелері қайта қылмысқа бару қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан түзету мекемелерінде босатылуға дайындық жұмыстары алдын ала басталып, әр азаматқа жеке әлеуметтік сүйемелдеу көрсетіледі.
– Жақын арада №32 мекемесінен 21 сотталған әйел босап шығуды жоспарлап отыр. Қазір оларды қоғамға бейімдеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жолдау мәселелері қарастырылып жатыр. Сонымен қатар олардың туыстарына хабар беріліп, мемлекеттік органдарға қажетті сұраныстар жіберілуде, – дейді №32 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие, әлеуметтік және психологиялық жұмыс бөлімінің жасақ бастығы Полина Агибаева.
Шараға пробация қызметінің қызметкерлері, мансап орталығының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік сала өкілдері қатысты. Олар бостандыққа шығатын азаматтарға жұмысқа орналасу, кәсіптік оқудан өту, әлеуметтік төлемдер алу, құжаттарды қалпына келтіру және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде кеңес берді.
Мамандардың пікірінше, пробация қызметінің негізгі міндеті – сотталған азаматты жазасын өтегеннен кейін қоғамнан шеттетпей, заңды өмір салтына қайта бейімдеу. Бұл бағытта еңбекпен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. Тұрақты жұмысы бар адамның қоғамға бейімделуі жеңілдеп, қайта құқық бұзушылық жасау қаупі де төмендейді.
Кездесу барысында жазасын өтеп жатқан азаматтар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, болашақ өмірге қатысты жоспарларымен бөлісті. Олар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жаңа өмірді заң аясында бастауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай кездесулердің басты мақсаты – бұрын сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеп қана қоймай, олардың қайта қылмыс жасауының алдын алу. Заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуда пробация қызметі, жұмыспен қамту органдары және әлеуметтік мекемелердің өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.
Бүгінде Қарағанды қаласында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мамандардың айтуынша, адамның жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру – тек әлеуметтік қолдау ғана емес, қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және заң үстемдігін нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

