Оқу жылына дайындық

Қарағанды облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірдегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, мектептердің қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоспар бойынша барлық жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталады.

Бүгінде облыс бойынша 18 мектепте күрделі жөндеу, тағы 124 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу барысында білім ошақтарының шатырлары мен терезелері жаңартылып, жылу, желдету және инженерлік жүйелері қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар спорт залдары мен асханалар жөнделіп, мектеп аулалары абаттандырылады. Атқарылатын жұмыстардың көлемі әрбір ғимараттың техникалық жағдайына сәйкес анықталған.

Білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыру да басты назарда. Осы мақсатта ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін пандустар орнатылып, есік ойықтары кеңейтіледі, санитарлық тораптар бейімделіп, тактильді бағыттаушы жолақтар төселуде. Бұл шаралар барлық оқушыға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Өңірде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып келеді. Өткен оқу жылында химия, биология, физика, STEM және робототехника бағыттары бойынша 78 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде мектептердің қазіргі заманғы оқу кабинеттерімен жабдықталу деңгейі 85 пайыздан 91 пайызға дейін өсті.

Қарағанды облысында жаңа мектептердің құрылысы да қарқын алған. Қарағанды қаласындағы Федоровка шағынауданында апатты жағдайда тұрған №44 мектептің орнына 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы төрт білім беру нысанының құрылысы аяқталуға жақын. Олар Қарағанды қаласының «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданында, Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылында, Нұра станциясында және Үштөбе ауылында орналасқан.

Жалпы алғанда, жаңадан салынып жатқан мектептер 2 400 оқушы орнына есептелген. Бұл білім беру ұйымдары пайдалануға берілгеннен кейін қолданыстағы мектептердегі орын тапшылығы азайып, оқушылардың заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік кеңейеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар өңірдегі білім беру сапасын арттыруға, оқушылар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға және мектеп инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»