Жолдағы тәртіп – ортақ жауапкершілік

Қарағанды облысында өткен «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Акцияның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту.

Рейд барысында полиция қызметкерлері Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 3 мыңға жуық дерегін анықтады. Ең алаңдатарлық жайттардың бірі – 57 жүргізушінің мас күйінде көлік басқаруы. Сонымен қатар 54 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шықса, 22 адам жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рульге отырған.

Тексеру кезінде заңсыз қайта жабдықталған 94 автокөлік, жалған мемлекеттік нөмір таққан 17 жүргізуші, сондай-ақ есірткіні медициналық емес мақсатта пайдаланудың 28 дерегі анықталды.

Полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады. Мамандардың айтуынша, жол қозғалысы ережелерін сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.